Өскеменде іздестіру-құтқару жаттығулары өтті
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен Өскеменде іздестіру-құтқару операцияларын ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқу-жаттығулар өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаттығуларға Астанадан іздестіруді және құтқаруды үйлестіру орталығы, ТЖМ-нің дағдарыс жағдайларын басқару орталығы, ал Өскеменнен әуе қозғалысына қызмет көрсету қызметі, «ШҚО авиациялық бөлімшесі» МКК-нің өңірімізде тікұшақпен кезекшілік ететін өкілдері мен іздестіру-құтқару экипажы, ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күш-құралдарын күшейту үшін әуе және жерүсті көліктеріндегі апаттық-құтқару командасы қатысты.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес кезекші күш-құралдарды, мүдделі органдарды, ведомстволар мен тұлғаларды хабарландыру кестесіне сай апаттық құлақтандыру, сондай-ақ Өскеменнің әуе айлағынан 55 шақырым қашықтықта шартты түрде апатқа ұшыраған ұшақ экипажын іздестіру-құтқару шаралары пысықталды.
Іздестіру-құтқару қызметтері жүргізген жаттығулар зардап шеккендерді іздеу мен эвакуациялаудың тиімді әдістерін қолдануға бағытталды. Оқу-жаттығу барысында ШҚО ТЖД тікұшақтары мен жерүсті күштері, сондай-ақ тікұшақ экипаждарына ақпарат беруге арналған белгілер пайдаланылды. Үйлесімді жұмыстың арқасында іздестіру-құтқару іс-шаралары ауа райына қарамастан екі сағат ішінде сәтті аяқталды.
Оқу-жаттығу нәтижесі барлық қатысушы күштер мен құралдардың өзара іс-қимылының тиімділігін, сондай-ақ дайындықтың жоғары деңгейін ұстап тұру үшін осындай жаттығуларды жүйелі түрде өткізу қажеттігін көрсетті.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ оқу-жаттығудың барлық қатысушыларына алғыс білдіреді.
Фото: Қазақстанның авиациялық әкімшілігі