Өскеменде көше шамдары қалпына келтіріліп жатыр
Қала тұрғындарының сынынан кейін шаһардың шамдары жарқырай түсті. Бұған дейін Өскемен көшесін жарықтанырумен айналысатан арнайы жұмыс тобы құрылып, техникалық аудит басталған болатын.
Соңғы күндердің өзінде қаладағы 187 көше шамы қалпына келтірілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен көшелерін жарықтандыру, шамдарды қалпына келтіру жұмысы бір жылға жоспарланған. Дәл қазіргі уақытта Өскемен қаласының бірқатар көшесіндегі істен шыққан шамдар қалпына келтірілді. Атап айтқанда, 30-гвардиялық дивизия көшесінде 44 шам, Мыза көшесінде 17 шам, Гагарин бульвары көшесінде 51 шам жөнделген.
Еске салайық, облыс орталығындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту 2020 жылы басталған. Жобаға сәйкес, қала көшелеріндегі қарапайым шамдар жарық диодты түріне ауыстырылуы керек болатын. Барлығы 16 мың шамды жаңарту көзделген. Бұған қоса инфрақұрылымды дамытып, бірыңғай диспетчерлік орталық ашу жоспарланған-ды.
Жоба әлі аяқталған жоқ, бірақ қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстардың сапасыз жүргізілгенін байқауға болады. Сала мамандарының айтуынша, Тайваньнан әкелінген жаңа шамдар тиімсіз болып тұр. Бұл шамдар тез істен шығады немесе мүлде жұмыс істемейді. Ал оларды жаңарту үшін әжептәуір шығындану керек. Осы ретте, көше шамдарын жаңарту жұмыстарына Everlight Electronics Co компаниясы жауапты екенін айтқан жөн.
Соңғы ақпаратқа сенсек, аталған компания мамандары орнатқан көше шамының 2 077-сі жанбай тұр. Қазір қаланың 378 көшесінде орналасқан бұл шамдарды ауыстырып жатыр. Everlight Electronics Co компаниясы келісім-шарт бойынша өз міндеттемелерін дұрыс орындамай отыр. Осыған байланысты «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы» АҚ көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобына шамдарды жөндейтін төрт жарық электр технигін қабылдады. 19 маусымдағы жағдай бойынша мамандар 504 шамды жөндеген.
Осылай облыс орталығындағы жарықтандару жұмысы біртіндеп реттеліп келеді.