KZ
Өскемен
+28°
облачно с прояснениями жел 9 м/с, ОШ
476.27 515.47 5.41

Өскеменде 187 көше шамын қалпына келтірді

19.06.2024, 12:42 103 Нұржан Кенжеұлы

Кейінгі кезде Өскемен қаласы тұрғындарынан шаһар көшелерін жарықтандыруға қатысты айтылып жатқан сын көп. Осыған байланысты облыс басшылығының тапсырмасы бойынша бұл іспен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, қаланың жарықтандыру жүйесінің кешенді техникалық аудиті басталған.

Белгілі болғандай, көшелерді жарықтандыру жүйесінің жұмысын шамамен бір жыл ішінде реттеп, жолға қою жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазір өскемендіктер тарапынан негізді сынға ұшыраған аталмыш мәселе де біртіндеп шешімін табуда.

Еске салайық, облыс орталығындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту 2020 жылы басталған. Жобаға сәйкес, қала көшелеріндегі қарапайым шамдар жарық диодты түріне ауыстырылуы керек болатын. Барлығы 16 мың шамды жаңарту көзделген. Бұған қоса инфрақұрылымды дамытып, бірыңғай диспетчерлік орталық ашу жоспарланған-ды. Жоспар бойынша жоба аясындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін электр қуатын үнемдеу көрсеткіші 60 пайызға дейін ұлғаюға тиіс еді.

Жоба әлі аяқталған жоқ, бірақ қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстардың сапасыз жүргізілгенін байқауға болады. Сала мамандарының айтуынша, Тайваньнан әкеліген жаңа шамдар тиімсіз болып тұр. Бұл шамдар тез істен шығады немесе мүлде жұмыс істемейді. Ал оларды жаңарту үшін әжептәуір шығындану керек. Осы ретте, көше шамдарын жаңарту жұмыстарына Everlight Electronics Co компаниясы жауапты екенін айтқан жөн.

Соңғы ақпаратқа сенсек, аталған компания мамандары орнатқан көше шамының 2 077-сі жанбай тұр. Қазір қаланың 378 көшесінде орналасқан бұл шамдарды ауыстырып жатыр. Everlight Electronics Co компаниясы келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін дұрыс орындамай отыр. Осыған байланысты «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы» АҚ көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобына шамдарды жөндейтін төрт жарық электр технигін қабылдады. 19 маусымдағы жағдай бойынша мамандар 504 шамды жөндеген.

Жалпы алғанда, дәл қазір Өскемен қаласының бірқатар көшесіндегі істен шыққан шамдар қалпына келтірілген. Атап айтқанда, мұндай жұмыстар 30-гвардия дивизиясы (44 шам ауыстырылды) мен Мыза (17 шам) көшелерінде, сондай-ақ Гагарин  бульварында (51 шам) атқарылған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив