KZ
Өскемен
-19°
туман жел 1 м/с, С
510.18 601.91 6.51

Өскеменде «Сол жылдар сөнбеді жүректе» атты концерт

11.05.2025, 10:30 436 Рағызбаева Ақерке

Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Өскеменде ерекше мазмұндағы рухани іс-шара өтті. «Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының» сол жағалаудағы кешенінде кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Сол жылдар сөнбеді жүректе» атты концерттік бағдарлама ұсынылды.

Іс-шара барысында зағиптар мен көзі нашар көретін кітапхана оқырмандары сахна төрінде жанды дауыспен майдан әндерін шырқап, жүрек тебірентер авторлық өлеңдерін оқыды. Олар баянның сүйемелдеуімен таныс әуендерді орындап, көрермендермен бірге бейбіт өмірдің қадірін сезінді. Соғыс жылдарының ауыртпалығы мен батырлардың ерлігіне арналған әндер мен өлеңдер тыңдарманның жүрегіне терең әсер етті.

Концерт аясында ұйымдастырылған «Ерлікке тағзым» атты кітап көрмесіне де көпшілік ерекше ықылас танытты. Онда Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақ жауынгерлері туралы тарихи-әдеби еңбектер, бедерлі-нүктелі және үлкейтілген қаріппен басылған шығармалар, жергілікті авторлардың туындылары қойылды. Қасым Қайсеновтің «Жау тылында», Бауыржан Момышұлының «Алыстан сәлем жолдаймын», Сәбит Мұқановтың «Қазақстаннан келген сарбаздар» атты кітаптары көрме сөресінен орын алды.

Бағдарлама соңында «Жеңіс лентасы» патриоттық акциясы өтіп, шараға қатысушыларға Жеңістің символына айналған ленталар таратылды.

Бұл шара – отандастарымыздың жауынгерлік ерлігін ұлықтау мен бейбіт өмірді бағалау жолында жасалған тағзымның айқын көрінісі. Жеңісті жақындатқан жандардың есімін ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу