Qoldau.kz арқылы рәсімделген субсидияларға қатысты мәліметтер тексеріледі
Ауыл шаруашылығы министрлігі Qoldau.kz арқылы берілген субсидиялар бойынша анықталған сәйкессіздіктерді тексеріп, құқық қорғау органдарына жолдамақшы.
Бұл туралы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Министрлік өкілі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден субсидия өтінімдерін қабылдауға арналған Qoldau.kz платформасының орнына Gosagro.kz. плтаформасы іске қосылғанын айтып, оның бұрынғы платформадан ерекшелігі неде екенін түсіндірді.
Субсидия өтінімінде 200 гектар алқапты өңдегені туралы мәлімет беріп, шын мәнінде 22 гектар алқапты өңдеген фермерлер кездескен. Жаңа жүйеде мұндай сәйкессіздіктер ғарыштан түсірілген деректер негізінде әшкереленіп, субсидия нақты істелген жұмыс шығынына ғана төленетін болады.