KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Тенденция: Ұлттық қордың шығындары азайды

Фото: egemen.kz

13.06.2023, 18:41 10 687

Өткен жылдың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бюджет тұрақтылығына қол жеткізу және Ұлттық қордың трансферттеріне тәуелді болудан арылу туралы міндет қойған. Қаржы нарығын турбуленттілік жайлаған және жаһандық рецессия қауіп төндірген кезеңде бұл тапсырманы орындау қиын болып көрінді. Алайда Үкімет теңгерім тетігін таба алған сияқты.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан аударылған трансферттер небәрі 1,1 пайызға қысқарған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі. 

Бұл ақшалай есептегенде 54,1 миллиард теңгені құрайды. Дегенмен өткен жылдары қордан қаражат алу тұрақты өскенін ескерсек, биылғы динамика айқын байқалады.

Алдағы кезеңдердің қорытынды есебі көріністі нақтылай түспек. Алайда Мемлекет басшысының Ұлттық қор қаражатын тек дағдарыс кезінде ғана пайдалануды талап етуі жағдайдың бағытын өзгерткені айқын. Президент қол қойған мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулер инфрақұрылымдық жобаларға, әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарының құрылысына салынатын жеке капиталдың ағынын айтарлықтай арттырады деп болжанған. Осының аясында Үкімет бюджет кірісін айтарлықтай ұлғайту мүмкін екендігін танытты.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өткен кезеңдерге қарағанда қазынаға тек қосымша құн салығы есебінен ғана 33,6 пайыз артық түсім түскен. Дәлірек айтсақ, бұл көрсеткіш 333,2 млрд теңге сомасын құрайды. Корпоративтік табыс салығы бойынша түсім 18,4 пайыз (203,2 млрд теңге) өсті. Жалпы алғанда, 2023 жылдың алғашқы үш айында бюджет көлемі 5,57 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Бұл өткен жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда 767,3 млрд теңге артық.

Соңғы он жылда жүйелі түрде бюджет қаражатын алудың әсерінен Ұлттық қордың көлемі 77,4-тен 58,4 миллиард долларға дейін азайды. Esperio компаниясының сарапшысы Нұрбек Ысқақовтың мәлімдеуінше, мұнайдан түсетін пайданы қолданудың балама жолдары болуы ықтимал, алайда ол тек ауқымды индустрияландыру жағдайында ғана мүмкін болмақ.

– Басқа жағдайларда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл қаражатты өз экономикасына құю, әдетте, ұлттық валютаның шамадан тыс бағалануына, халықаралық нарықта отандық шикізат емес тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуға және экономикалық дамудың артта қалуына әкеледі. Яғни, «голланд ауруына» әкеледі. Сонымен қатар әлемдік экономиканың және шикізат бағасының циклдік құлдырауы кезеңінде шикізат экспортының экономикасы тұрақтандыру қорын қажет етеді. Оның көмегімен циклге қарсы фискалдық саясат жүргізіледі және елдің шикізат кірістері қалыпқа келгенше мемлекеттік бюджетті қосымша қаржыландыру іске асырылады, – дейді ол.

Осыған орай, Ұлттық қорды дамытудың ел Президенті айқындап берген болжамының аясында Ұлттық банктің жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған талпынысы назар аударуға тұрарлық. Қазақстан Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленді. Құжатта Ұлттық қорды ұзақ мерзімді инвестициялау қағидаты белгіленген. Осы мақсатта жинақ портфелінің үлесі мынадай түрде бөлінді: облигациялар – 60 пайыз, акциялар – 30 пайыз, балама құралдар – 5 пайызға дейін және алтын – 5 пайызға дейін. Хабарланғандай, жаңа бөлініс сонымен қатар облигациялар портфелін дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларымен, корпоративтік облигациялармен және дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларымен әртараптандыруды қамтиды. Ұлттық банк осылайша Ұлттық қордың кірісін арттыру шаралары қолға алынып жатқанын мәлімдеді. Қаржылық реттеуші 2030 жылға қарай Ұлттық қорға 100 миллиард доллар жинақтау жөнінде ауқымды міндет қойып отыр.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу