Air Astana Израильге әуе рейстерін ашады
Фото: inform.kz
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті қазақстандық әуе компанияларымен бірлесіп ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде.
Осы мақсатта Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша тұрақты қатынайтын жаңа тікелей жолаушылар рейсін ашу жоспарда бар, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен бастап «Эйр Астана» әуе компаниясы Airbus 321 үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 2 рейс (бейсенбі және жексенбі) жиілігімен Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша тұрақты түрдегі жаңа тікелей жолаушылар рейстерін орындауды бастайды.
Қазақстан мен Израиль арасындағы әуе қатынасының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.