Ауылдардағы еріктілер ұйымдарына грант беріледі
Фото: egemen.kz
Ауылдағы волонтерлік ұйымдарға 1 млн теңге көлемінде ақшалай грант ұсынылады.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазір Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр.
– Былтыр 4 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік қызмет туралы» Заңға қол қойды. Ол заңда волонтерлік қызметтің жұмысына қолайлы жағдай жасау шаралары қарастырылған. Еріктілердің оқуға, жұмысқа түсуі кезінде басымдықтар болады. Сонымен бірге, қазір волонтерлік ұйымдарға негізінен жиналған жүкті сақтайтын қоймалар керек. Сол қоймаларды жергілікті органдар төмен бағамен немесе тегін беретіндей заңды тетіктер көзделген, – деді вице-министр.
Данияр Қадыров 2023 жылы волонтерлік ұйымдарды қолдау үшін 54 жоба қолға алынғанын жариялады.
– Соның ішінде 250 шағын грант беріледі. Әр гранттың сомасы 1 миллион теңгедей болады. Екі жылға дейінгі мерзіммен беріледі. Ол гранттардың көбі ауылды жерде волонтерлік ұйымдарды қолдауға бағытталып жатыр, – деп түсіндірді Данияр Қадыров.
Оқи отырыңыз