KZ
Өскемен
+6°
переменная облачность Штиль
479.05 534.57 5.17

Үлескерлік құрылыс арқылы үй алғанда нені ескеру керек?

Сурет: depositphotos.com

9.02.2024, 14:35 155

Құрылыс саласының сарапшысы Найля Аппасова алаяқтарға алданбау жолын және үлескерлік құрылысқа қаражат құйғанда неге назар аудару керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Informburo.kz сілтеме жасап.

Үлескерлікпен үй алғанда қандай Заңға сүйенеміз? 

Үлескерлік құрылысты бір ғана заң реттейді. Ол – «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң.

Бұл Заң бойынша, құрылыс компаниясы үлескердің ақшасын үш жағдайда ғана тартуға құқылы:

1) Бірыңғай оператордан кепілдік алу («Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ);
2) екінші деңгейлі банктің жобаға қатысуы;
3) көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады.

Үш жағдайда да құрылыс компаниясы мен үлескердің арасында келісімшарт жасалып, ол әкімдікте тіркелуі міндетті.

Үлескер мен құрылыс компаниясының арасында қандай шарт жасалады?

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарты жасалуы керек. Бүгінде кейбір құрылыс компаниялары ұсынып жүрген броньдау шарты, инвестициялау шарты, алдын-ала шарт және басқаларының бәрі заңсыз. Олар автоматты түрде жарамсыз деп танылады.
Үлестік қатысу шарты әкімдікте есепке қойылған сәттен бастап жарамды болып саналады. Әрбір шарт бойынша шарттың есептік жазбасы туралы үзінді көшірме беріледі.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігі не үшін қажет?

"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ құрылыс компаниясына кепілдікті тек мына нәрселерді тексеріп барып береді:

құрылыс компаниясының қаржы көрсеткіші;
баға саясаты;
қаржыландыру көзі;
құрылыс құны мен көлемі;
рұқсат құжаты және құқық белгілеуші құжаттар.

Құрылыс компаниясы осы тексерістің бәрінен өткеннен кейін де банкрот болып, объектіні уақытында өткізе алмаса, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" заң бойынша құрылысты аяғына дейін қаржыландырып, бақылауға міндетті. Үлескер қандай жағдай болмасын, өз баспанасына қол жеткізеді.

Ал тұрғын үй құрылысын екінші деңгейлі банк қаржыландырған жағдайда, үлескерлердің ақшасы үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана қолданылады. Құрылыс кезінде жер мен салынып жатқан объект үлескерлердің кепілінде болады. Банк кепілге қойылған мүлікті пайдалануды шешсе, түскен қаражат үлескерлердің талабын орындауға жұмсалады.

Осылайша, үлескерлік қатысу шарты үлескердің заңсыз үй салушыларға ұрынып қалмауына сеп болады.

                 Үлескерлерді көбіне қалай алдайды?

Құрылыс саласының сарапшысы Найля Аппасова ең алдымен бұл жерде маркетинг үлкен рөл ойнайтынын айтады.

- Құрылыс компаниялары үйлерін сату үшін танымал адамдарға, блогшыларға қаражат төлеп, жарнама жасатады. Үйдің дизайнын әдемі етіп көрсететін мінсіз роликтер жасайды. Сөйте тұра, олардың көбі үйдің құжаттарын көрсетуге асықпайды. Мәселен, эскиз жобалары туралы еш жерде тіс жармайды. Сізбен заңды түрде үлескерлік қатысу шартын жасай ма, жоқ па, оны да айтпайды, – дейді сарапшы. 

Сарапшының сөзінше, тұрғындар сату бөліміне келгенде әдетте тек әдемі, жылтыр суретті ғана көреді. Олар үйді сатып алмас бұрын сату бөлімінен үйдің эскиз жобасы бар-жоғын сұрауға хақылы. Сондай-ақ, оның мемлекеттік сараптамасы бар-жоғын міндетті түрде сұрауы қажет. Сараптамасы болған жағдайда, тұрғын үйдің салынып бітетініне 90 пайыз сенімді болуға болады. Себебі, бұл – компанияның қолында рұқсат қағазы бар деген сөз. Яғни, учаске де, мемлекеттік сараптама да компанияға мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылысты заңды түрде бастауға рұқсат бергенін білдіреді.

- Құрылыс компаниясы сізге әдемі интерьерді, болашақ үйіңіздің жоспарын, түрлі жиһаздар мен бөлмелер, ауласының суреті салынған кітапшаны қоймастан көрсетеді. Мұның бәрі жай ғана маркетинг екенін естен шығармаңыз! Үйді алатыныңызға толықтай сенімді болу үшін құрылыс компаниясы туралы ақпараттарды оқып шығып, лицензиясы бар-жоғын білу керек. Лицензияны eLicense.kz сайтына құрылыс компаниясының ЖШС атын, БИН нөмірін жазып тексеруге болады, – дейді Найля Аппасова.  


                                                                         ]

Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив