«Аңсаған сәби» бағдарламасы: ата-ана болуды армандағандарға мүмкіндік
Фото: pexels.com
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылдың басында іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы көптеген жанұяларға ата-ана бақытын сезінуге мүмкіндік беруде. Бағдарлама бедеулік мәселесін шешуге бағытталып, экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы жүзеге асырылады.
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады? Оның алгоритмі қалай? Оған дайындық қалай жүргізіледі? Мақаламызда біз осы сауалдарға жауап іздедік.
Бұрын көп жағдайда бала көтермеу себебі әйелдердің денсаулығына байланысты болса, қазір еркектер арасында белсіздік белең алып барады. Осы орайда отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу үшін көмекші репродуктивті технологияларды қолданудың рөлі артты.
Жасанды ұрықтандыру күрделі және қымбат медициналық қызметке жататыны белгілі, оның құны 2 млн теңгеден басталып, ары қарай емделушіге тағайындалған жеке хаттамаға байланысты әр жағдайда бөлек есептеледі.
Әрине, көп отбасының ЭКҰ процедурасына жүгіне алмауының негізгі себептерінің бірі – экономикалық фактор. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасы – мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау, ата-ана болудың бірегей мүмкіндігі. ЭКҰ әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) шеңберінде қаржыландырылады.
2024 жылы ШҚО-да көптен күткен қуаныш орын алған болатын. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша алғашқы бала дүниеге келген екен.
Өскемен қаласының ерлі-зайыптылары үш жыл бойы бедеулікпен есепте тұрып, консервативті ем қабылдағанымен, нәтиже болмады. Олар көмекші репродуктивті технологияларға жүгініп, экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісі арқылы ата-ана болу бақытына ие болды.
Мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 27 жастағы тұрғын қыз баланы дүниеге әкелді. 3050 грамм салмақпен және 48 сантиметр бойымен өмірге келген нәресте Өскемендегі Ана мен бала орталығында туған екен.
Бағдарламаға қалай қатысуға болады?
Репродуктолог мамандардың айтуынша,егер жас жұбайлар отбасы құрғаннан кейін бір жыл ішінде әйел бала көтермесе және бұл кезде жүктіліктің алдын алатын препараттар қолданылмаса дабыл қағу керек. Алдымен тұрғылықты жері бойынша емханадағы отбасын жоспарлау кабинетіне барып тексеріліп, ертерек ем-домды бастаған дұрыс. Отбасын жоспарлау кабинеті қазір әрбір медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымында (емхана, МСАК) бар. Тексеріліп, денсаулықты түзеу алты айдан 12 айға дейін созылады. Бірден айта кету керек, ЭКҰ бағдарламасына медициналық көрсеткіштері бар, бедеулік диагнозы қойылған және ол тиісті сынақтармен расталған жұптар ғана қатыса алады. Есепке тұрып, бір жыл бойы тексеру-емделуден өткен екі серіктес те репродуктологтың кеңесін алады. Бұл үдеріс жылына бір рет жүргізіледі, дегенмен бала көтергенше қайталана береді.
Кезек күту жарты жылдан аспайды
Қазір бағдарламаға қатысу үшін ұзын-сонар кезек жоқ, ары кетсе үш айдан алты айға дейін күтеді. Жергілікті жердегі медицина мекемелері диспансерлік науқастардың, оның ішінде квота бойынша ЭКҰ жасауға мұқтаж адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін пациенттердің құжаттары облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы комиссияға жолданады. Құжаттардың үзінді көшірмелері бойынша қатысушының іріктеу талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Комиссия ұсынылған құжаттар негізінде науқастарды экстракорпоральды ұрықтандыруға жіберу туралы шешім қабылдайды. Ерлі-зайыптылардың барлығы дерлік ЭКҰ-орталыққа жолдама алады. Пациенттердің бірінші қадамы сәтсіз болса, онда олар қайтадан тізімге енгізіледі.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша заңды некеде тұрғандарға, азаматтық некедегілер мен жалғызілікті адамдарға ЭКҰ-ны пайдалануға рұқсат етіледі. Әйелдің репродуктивті жасы 49 жасқа дейін. Бірақ клиниканың ішкі хаттамасы бар, 2022 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламалар бойынша шектеулер қойып келеді. Қазір 41 жас және 10 ай.
Репродуктологтың айтуынша, бұл бағдарлама келесі жылы да жалғасады.
Қандай жағдайларда ЭКҰ жасалмайды?
Дәрігерлер әйелдердің репродуктивті денсаулығын зерттеу кезінде бірнеше жағдайларға назар аударады. Бұл жатырдың туабітті немесе жүре пайда болған ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісігі, жедел қабыну және кез келген локализацияның онкологиясы. Мұндай факторлар болған кезде экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.
Клиника таңдау – ерлі-зайыптылардың еркінде
Емделушілер клиниканы қордың fms.kz ресми сайтына кіру арқылы таңдай алады. Бірінші қадам – «Науқас үшін» бөліміне өту керек. Екінші қадам – «Клиниканы таңдау» бөліміне өтіп, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізімін» таңдау керек. Жүктелген файлда сіз клиникалардың тізімін, олардың мекенжайы мен телефонын таба аласыз.
Қазір елімізде ЭҚҰ жасайтын 26 клиника бар, оның 21-і – жекеменшік. Бүгінгі таңда біздің өңірде көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан екі клиника бар. Бұл – Қазақстандағы алғашқы клиникалардың бірі «Экомед» және «Персона» клиникасы.
Бағдарлама 2030 жылға дейін ұзартылды
Ресми статистика бойынша, қазақстандық әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді. Оған экологияның нашарлығы, әйел мен еркек денсаулығындағы кінәраттар себеп болып отыр. Сондықтан да қазір экстракорпоральды ұрықтану әдісіне сүйенетіндердің саны арта түскен.
Аталған Конгресс Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толуына орай өткізілді. Жиында соңғы 15 жылда елімізде репродуктивті медицина деңгейінің қарқынды дамығаны, елімізге әлемдік жаңа технологиялардың әкелінгені сөз болды. Осыдан он жыл бұрын қолданылған әдістер бүгінде түрленіп, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.
Ауыз толтырып айтарлық жетістік – жасанды интеллект. Яғни эмбриоскоп таймлапс режимінде сау эмбрионды таңдап, оның даму жағдайын бақылап отырады. Әр 5-10 минут сайын эмбрионды суретке түсіріп, дәрігерге оның әр өзгерісі туралы ақпарат беріп тұрады.
Генетик Марат Отарбаевтың айтуынша, мұндай жасанды интеллект эмбриолог, генетик мамандарға үлкен көмегін тигізіп отыр.
Өңірде ЭКҰ бағдарламасы арқылы туу көрсеткіші 42%-ды құрайды. Былтыр облыста аталған бағдарлама аясында бала көтерген 94 жүкті әйел есепке алынған. Ал биыл облысқа 252 квота бөлініп отыр.
Айта кетейік, соңғы үш жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы 482 отбасы көптен күткен сәбилерін сүйді.
Айна Ескенқызы