Пойыздарда интернет жүйесі іске қосылады
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
Елімізде пойыз жолаушылары үшін интернет қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында алғашқы пилоттық жоба іске қосылды. №3/4 «Астана-Алматы» пойызы жаңа жүйемен елордадан алғашқы сапарын жасады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР ЦДИАӨМ сілтеме жасап.
17 сағатқа созылған сапар барысында 500 жолаушы интернет қызметін пайдаланып, WhatsApp арқылы бейнеқоңыраулар жасады, YouTube-та бейнероликтер көрді және басқа да интернет-сервистерге қосылды. Айта кету керек, торренттер мен ағынды жүктеу сайттарына кіруге шектеу қойылған.
Жоба қазіргі уақытта тек осы пойыздың бір құрамында іске асырылуда. Пилоттық кезеңнің сәтті аяқталуынан кейін интернет жүйесі басқа бағыттарға да енгізілетін болады.