Мүгедектігі бар жандарды алып жүретіндер пойыз билетін 50% жеңілдікпен алатын болады

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
Еліміздің көлік ведомствосы жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңартылған нормалар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін тұлғаларға арналған жеңілдіктерді кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарды, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды алып жүретін жандардың жол жүру құнына 50% жеңілдік беру ұсынылып отыр (теміржол билеті).
Аталған жаңашылдықтарды министрлікке қарасты Теміржол және су көлігі комитетінің мамандары дайындады. Қазіргі уақытта бұл өзгерістер мақұлдау сатысында тұр. Ережелерді 2025 жылдың екінші жартысында күшіне енгізу жоспарда бар.