KZ
Өскемен
-1°
снег жел 8 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Қазақстан экономикалық өсімді қарқындатуда: жыл басынан бергі көрсеткіштерге шолу

Фото: shutterstock.com

27.05.2025, 18:00 292 Гульжан Мусина

Қазақстанның нақты ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында 6%-ға өсті. Бұл – қаңтар–наурыз аралығындағы 5,6%-дық өсімнен жоғары әрі 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі 3,4%-бен салыстырғанда екі есе жуық артық. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сүйене отырып, хабарланып отыр. Өсім қатарынан үшінші ай бойы үдемелі сипат алды: қаңтарда – 3,8%, екі айда – 5,4%, үш айда – 5,6%. Бұл нәтижеге тауар өндірісінің нығаюы мен қызмет көрсету саласының кеңеюі бір мезгілде ықпал етті.

Нақты сектор: өнеркәсіп пен құрылыс серпін беруде

Тауар өндіру 7,5%-ға өсіп, экономиканың басты қозғаушы күшіне айналды.
Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 7,2%-дық өсім тіркелді.

Айтарлықтай өскен өнім түрлері:
    •    күнбағыс майы, ұн, қант, күріш, табиғи уран;
    •    бензин, дизель отыны;
    •    тауарлық бетон, тыңайтқыштар;
    •    болат, шойын, табақша прокат;
    •    жүк вагондары, дизель және теміржол локомотивтері.

Тау-кен өнеркәсібі өсімін 7,1%-ға дейін жылдамдатты (алдыңғы тоқсанда – 6,1%). Бұл өсім:
    •    мұнай өндірудің 8,8%-ға;
    •    көмірдің – 11,2%-ға;
    •    металл рудаларының – 1,4%-ға ұлғаюымен байланысты.

Құрылыс саласы да айтарлықтай үлес қосты:
    •    құрылыс жұмыстарының көлемі – 16,2%-ға;
    •    пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 4,9 млн шаршы метр (өсім – 6,8%).

Негізгі жобалар:
    •    Маңғыстаудағы тұщыландыру кешені;
    •    Қостанайдағы KIA зауыты;
    •    Түркістандағы «Састөбе» химиялық зауыты;
    •    Павлодардағы Ертіс өзені арқылы өтетін көпір;
    •    Жамбыл облысындағы биофармацевтикалық және сода зауыттары;
    •    мектептер, инженерлік желілер, жолдар және тұрғын үйлер.

Қызмет көрсету саласы: сауда мен көлік қарқын алуда

Қызмет көрсету саласы 5,3%-ға өсті.
Сауда – 7%-ға,
көлік қызметі – 22,4%-ға артты (логистиканың қалпына келуі мен жүк ағынының өсуі есебінен).

Көлік саласындағы өсім, ең алдымен, теміржол жүк тасымалы көлемінің артуымен байланысты: оның үлесі саладағы жалпы көлемнің 20,5%-ын құрайды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ елдегі жүк айналымының 65%-ын қамтамасыз етуде.
2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында:
    •    компанияның таза жүк айналымы – 92,1 млрд ткм (өсім – 9,8%);
    •    тасымал көлемі – 85 млн тонна (өсім – 4,5%);
    •    ішкі тасымал – 54,6 млн тонна;
    •    экспорт – 30,4 млн тонна (2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,7%-ға көп).

 

Қаржылық қолдау және кластерлік бағыттар

    •    8 трлн теңге – «Бәйтерек» холдингі арқылы жеңілдетілген қаржыландыру көлемі (ІЖӨ өсіміне 1,3 п.т. қосады деп күтілуде).
    •    Қаражат шағын және орта бизнеске (ШОБ), тұрғын үй құрылысына және ұлттық жобаларға бағытталады.
    •    Мұнай-газ химиясынан бастап туризмге дейінгі 17 ірі терең өңдеу жобасы айқындалды.

Мақсаттар:
    •    ШОБ үлесін 2030 жылға қарай ІЖӨ-де 40%-ға жеткізу;
    •    IT-қызмет экспортын 1,5 млрд АҚШ долларынан асыру;
    •    тікелей шетелдік инвестициялар жылына 24–25 млрд АҚШ долларынан кем болмауы.

Сыртқы тәуекелдер мен макроэкономикалық бағдарлар

2025 жылғы сәуірден бастап сыртқы нарықтағы жағдай күрделене түсті:
    •    АҚШ-тың тарифтік саясаты;
    •    OPEC+ шешімімен мұнай өндірудің тәулігіне 411 мың баррельге ұлғаюы;
    •    логистикалық іркілістер мен қаржы нарықтарының құбылмалылығы;
    •    мұның барлығы мұнай бағасы мен жаһандық сұранысқа қысым жасауда.

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды көздеп, инвестицияларды, экспортты және отандық компаниялардың жаһандық тізбектерге интеграциясын ынталандырып отыр.

Келешек келбеті

2025 жылдың алғашқы төрт айындағы орнықты өсім диверсификацияның тиімділігін дәлелдеді. Индустриялық серпіліс пен қызмет көрсету саласының жандануы, құрылыс саласындағы мультипликативтік әсер – барлығы экономиканың жан-жақты дамуын көрсетеді.

Басты міндет – бәсекеге қабілеттілікті арттыру:
    •    жаңғырту,
    •    инновациялар,
    •    экспорт нарықтарын кеңейту.

Сарапшылар бұл серпінді жоспардан нақты іске көшу кезеңі ретінде бағалап отыр. Алайда нәтижені бекемдеу үшін мемлекет:
    •    инфрақұрылымды дамытуды жылдамдатуы;
    •    ШОБ-ты экспортқа және қаржы ресурстарына қолжетімді етуі қажет.

Сарапшылар пікірі:
Расул Рысмамбетов, қаржыгер:

Өсімнің 6%-ға жетуі – әсіресе мұнай-газсыз сектордың үлесі жоғары болғанда – жақсы нәтиже. Шикізат нарығы тұрақсыз болғандықтан, экономика үшін жалғыз жол – диверсификация. Бірақ нақты әрі тұрақты өсім үшін логистикалық және қаржылық инфрақұрылымға елеулі инвестициялар қажет. Келесі 5–7 жылда логистика, сақтау жүйесі, ауыл шаруашылығы мен терең қайта өңдеумен айналысатын тау-кен металлургия кешені өсім драйверіне айналуы тиіс.

 

Эльдар Бейсімбеков, макроэкономист, Dasco Consulting Group серіктесі:

Экономиканың 6%-ға сенімді өсуі – жақсы жаңалық. Бірақ маңыздысы – өңдеу өнеркәсібінің алда келе жатқаны. Құрылымдық өзгеріс толық қалыптасты деуге ерте, алайда тренд анық: экономика құрылымы күрделеніп жатыр. Ең бастысы – жоғары қосымша құны бар өнім өндіру мен экспорттау. Мұндай өнім ғана тұрақты өсім береді, сапалы жұмыс орындарын құрады және тұтас жеткізу тізбегінде мультипликативті әсер тудырады. Қазір металл бұйымдары, мұнай өңдеу, машина жасау, азық-түлік және химия өнеркәсібі алда келеді – Қазақстан дәл осы салаларға басымдық беруі қажет.

Ranking.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу