Әлеуметтік инспекторлар 400-ден астам нысанды тексеріп, заң бұзушылықтарды анықтады
2025 жылдың басынан бері елімізде халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік инспекторлар 430 нысанды тексеріп, бірқатар олқылықтарды анықтады. Бұл тексерулердің көбі – жоспардан тыс немесе прокуратура талабы бойынша жүргізілген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар үшін жалпы 192 ұйғарым беріліп, 28,8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл – халықтың мүддесін қорғау жолында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын білдіреді.
Мемлекеттік бақылау әкімдіктерден бастап, мектеп, балабақша, аурухана, дүкен, вокзал, спорт кешендері мен банктерге дейінгі 430-ға жуық нысанды қамтыды.
Мемлекет тарапынан бақылау жұмыстары жалғасады. Мамандардың айтуынша, бұл тексерулердің басты мақсаты – жазалау емес, керісінше халыққа қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.