Алматыда 10 млрд теңгенің контрабанда ісі бойынша айыптау үкімі шықты
Фото: pexels.com
Алматы қаласында халық тұтынатын тауарларды Қытайдан Қазақстанға заңсыз жолмен әкеліп, жалған шот-фактуралар жазуға қатысы бар тұлғаларға қатысты сот үкімі шықты. Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу кезінде «Group of the Companies TDA» ЖШС-нің уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді елімізге заңсыз жолмен кіргізгені анықталды. Сонымен қатар, компанияның бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жазылып, салықтан жалтару әрекеттері жасалған.
Мемлекетке келтірілген залалдың көлемі – 10 миллиард теңге. Бұл сома қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша есептеліп отыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында бюджетке 643 миллион теңге өндіріліп алынды.
Соттың санкциясымен жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын тауарларға, күдіктілерге тиесілі 300 млн теңгенің мүлкіне (оның ішінде жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, жылжымалы шатырлар және тағы басқа) шектеу қойылды.
Айта кету керек, бұл іске байланысы бар 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке қосымша 240 млн теңге салық төледі.
Алмалы аудандық сотының шешімімен кінәлі тұлғалар 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Сот үкімімен олардың мүліктері тәркіленді.
Сонымен қатар, бұл іске қатысы бар тағы бір адамға халықаралық іздеу жарияланған.