Биыл еліміздегі 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөнделеді
Фото: depositphotos.com
Елімізде 1 мың мектепті жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан білім ұяларын қамтиды. Мақсат – ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту, оқушылар үшін қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Осы бастама аясында 2025 жылы 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөндеуден өтеді. Бұл шамамен 300 мың оқушыға заманауи, жайлы кітапханалық кеңістіктерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Мектеп кітапханаларында кітаптарды автоматты түрде тіркеу және жедел іздеу жүйесі – RFID технологиясы енгізіліп жатыр. 20-дан астам кітапханада робот-сканерлер жұмыс істей бастады. 2023 жылдан бері «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 1,6 млн көркем әдебиет туындысымен толықты. Қазіргі таңда еліміздегі мектеп кітапханаларының жалпы кітап қоры 141 миллионнан асады.
Кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы 1 775 мектеп кітапханашысы арнайы курстардан өтті. 2025 жылы бұл жұмыс жалғасын табады. Бұл – мектеп кітапханаларын шын мәнінде балалардың білім мен қарым-қатынас орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам.