Ауыл мектептері жаңарып жатыр: мыңға жуық мектеп жаңғыртудан өтеді
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл-аймақтардағы мектептерді жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бастама әсіресе шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдардағы білім ошақтарына қатысты. Мақсат – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасын теңестіру, балаларға қолайлы жағдай жасау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңғырту жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапхана мен асханаларды жақсарту және қауіпсіздік талаптарын күшейту қолға алынған.
2025–2026 оқу жылында мыңға жуық мектепке жаңа пәндік кабинеттер орнатылады. Оның ішінде робототехника, химия, биология, физика және STEM бағытындағы кабинеттер бар. Бұл — оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Сондай-ақ 509 мектептің кітапханасы жаңартылып, 375 мектептің асханасы жөнделеді. 598 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 409 мектепке жаңа жиһаздар қойылады. Осы шаралардың нәтижесінде еліміз бойынша 369 мың оқушының оқу жағдайын жақсарту көзделіп отыр.
Бұл – тек жөндеу емес, ауыл мектебінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің бастауы. Ел болашағы – ауыл баласының қолайлы жағдайда білім алуынан басталады.
Дереккөз/фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі


