KZ
Өскемен
-12°
туман Штиль
503.35 590.63 6.62

Жастарға таңдау көп: елімізде 75 жаңа мамандық пайда болды

Фото: depositphotos.com

30.07.2025, 15:00 222 Әбішев Ержан

Қазақстанда цифрландыру мен автоматтандыру үрдістеріне байланысты 75 жаңа мамандық ресми түрде бекітілді. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрінің орынбасары Иран Шархан Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, министрлікке бағынысты салаларда – машина жасау, металлургия және құрылыс бағыттарында – қазіргі таңда шамамен 40 мың маман қажет. Осы қажеттілік пен технологиялық өзгерістерге байланысты жаңа мамандықтар атласы жасалған.

– Мәселен, тау-кен және металлургия саласында – роботтандырылған техника операторы, смарт жүйелерді әзірлеуші; машина жасауда – виртуалды прототип жасаушы; ал құрылыста – Big Data талдаушы, «Ақылды үй» жобалаушы, цифрлық жобалаушы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды, – деді Иран Шархан.

Сонымен қатар, 40-тан астам дәстүрлі мамандық автоматтандыру үдерістеріне бейімделіп, жаңа сипат алған. Бұл еңбек нарығында түбегейлі өзгерістердің бар екенін көрсетеді.

Министрлік инвестициялық жобаларға қажетті кадрларды алдын ала даярлауға ерекше назар аударып отыр. Биыл өңдеу өнеркәсібінде 190 жаңа өндіріс іске қосылады, бұл өз кезегінде машина жасау саласында тағы 8 жаңа мамандықтың пайда болуына жол ашады. Атап айтқанда, олардың қатарында 3D-баспа және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйесінің операторы сынды жоғары технологиялы мамандар бар.

– Бұрын инженер десе, көз алдымызға сызғыш пен қағазбен жұмыс істейтін адам елестейтін. Қазір ол – виртуалды шындықта жұмыс істейтін, цифрлық егіздермен жұмыс жүргізетін маман. Жаңа дәуір жаңа ойлау мен цифрлық сауаттылықты талап етеді, – деді вице-министр.

Сала мамандарының айтуынша, бұл өзгерістер жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасты түбегейлі өзгертпек: енді олар жай ғана қол еңбегі емес, инженерлік білім мен цифрлық дағдылардың үйлесімін қажет ететін заманауи кәсіп иелері болмақ.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу