«Болашақ»: 217 қазақстандық шетелде білім алуға мүмкіндік алды
pexels.com
Биыл «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында 217 қазақстандық шетелде білім алмақ. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринның төрағалығымен өткен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында стипендия иегерлерінің тізімі бекітілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бағдарламаға қызығушылық артқан — биыл 981 үміткер өтінім берген. Оның ішінде 167 адам магистратурада, 13-і докторантурада оқиды, ал 37-сі әлемнің беделді университеттері мен ғылыми орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Бұдан бөлек, 165 адам шетелде ғылыми тағылымдамаға өтініш білдірген. Үш кезеңнен тұратын іріктеу қорытындысы бойынша 68 ғалым әлемдік жетекші зерттеу орталықтарында тәжірибе жинақтайды.
Бұл көрсеткіш «Болашақ» бағдарламасының қазақстандық жастар мен мамандардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызын айқындайды.