KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 1,1 м/с, ОШ
502.57 591.68 6.42

244 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты төлем алды

depositphotos.com

19.08.2025, 12:30 888 Жанаргүл Көкенайқызы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем алып отырғандар саны 244,3 мың адамды құрады. Жалпы төлем көлемі – 73,2 млрд теңге. Оның ішінде 188,1 мың адамға төлем биыл алғаш рет тағайындалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Заң бойынша жұмыстан босатылған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта төлем алады. Оның мөлшері жоғалған кірістің 45%-ына дейін жетеді және МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.

Министрлік түсіндіргендей, жұмысынан айырылған азамат төлем алу үшін алдымен eGov.kz порталы арқылы «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдап, онлайн өтінім береді. Бір күн ішінде жергілікті мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде азаматқа «жұмыссыз» мәртебесі беріледі.

Содан кейін Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі төлемді проактивті түрде тағайындайды. Ол үшін азаматтың ұялы телефонына SMS-хабарлама жіберіледі. Келіскен жағдайда жауап беру жеткілікті, төлем автоматты түрде рәсімделеді.

Министрлік атап өткендей, МӘСҚ есебінен берілетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және азаматтарға жаңа жұмыс іздеген кезеңде қаржылай қолдау көрсетуді көздейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу