Қазақстанда ұшқыштарға кедергі келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеледі
depositphotos.com
14 қыркүйектен бастап Қазақстанда әуе кемелерінің қауіпсіздігіне кедергі келтіру — қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекет болып есептеледі. Бұл өзгерістер лазер сәулесін ұшқыштарға бағыттау немесе дрондарды әуе кемесіне жақындату арқылы басқаруға бөгет жасау жағдайларын болдырмау мақсатында енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа нормалар жолаушылар мен экипаждың өмірін қорғауға бағытталған. Енді мұндай әрекеттер үшін айыппұлдан бастап бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Мәселен, заң бойынша:
- Лазер немесе дрон арқылы әуе кемесіне кедергі келтіру 200 АЕК айыппұлға, түзеу жұмыстарына немесе 50 тәулікке дейін қамауға әкелуі мүмкін.
- Егер мұндай әрекет адам денсаулығына зиян тигізсе, кінәліге 3000 АЕК айыппұл, 1000 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
- Ал абайсызда адам өліміне себеп болған жағдайда 3 жылдан 8 жылға дейін, екі және одан да көп адамның өліміне әкелген жағдайда 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Мұндай қатаң шаралар халықаралық тәжірибеге сай қабылданып отыр. Мәселен, Германияда бұл үшін 10 жылға дейін түрме жазасы бар, ал Канада, АҚШ, Аустралия және Жаңа Зеландияда да ұқсас қылмыстық жауапкершілік белгіленген.
Мамандардың айтуынша, лазерлік сәулелер ұшқышты уақытша көру қабілетінен айырып, әсіресе ұшып-қону кезінде әуе қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Осыған байланысты, аталған құқықбұзушылықты тергеу және кінәлілерді жауапқа тарту ішкі істер органдарының құзыретіне жатады.
Дереккөз: Көлік министрлігі