Қазақстандық мерген қыздар әлем чемпионатында қола жүлде алды
Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан садақ атудан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ел қоржынына алғашқы медаль салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Компаунд бағдарламасында бақ сынаған Адель Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова бастаған команда қола жүлде үшін өткен бәсекеде Ұлыбритания спортшыларын 232:228 есебімен ұтты.
Бұл жеңіс – отандық садақ атудың тарихындағы айтулы оқиға. Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында бұған дейін 1993 жылы ғана жүлде алған болатын. Ол кезде классикалық садақ атудан Яна Туниянц қола медаль иеленген еді.
Жаңа жетістік еліміздегі садақ атуды дамытуға серпін беріп, жас спортшыларға шабыт сыйлайтыны анық.



