2026 жылы жаңа «Банктер туралы» заң қабылданады
pixabay.com
Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралды. Құжат 87 тармақтан тұрады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоспардың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Оның айтуынша, жоспар 8 негізгі бағыттан тұрады. Олардың қатарында:
- жаңа инвестициялық саясат жүргізу;
- өнеркәсіпті нығайту;
- агроөнеркәсіп кешенін дамыту;
- көліктік әлеуетті жүзеге асыру;
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту;
- кәсіпкерлікті қолдау;
- адами капиталды дамыту;
- парламенттік реформаларды жалғастыру.
Маңызды бастамалар:
Инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті жаңа мәртебе алып, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылады.
Экономиканың жоғары технологиялық секторларына Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тартылмақ.
2026 жылдың қаңтарына дейін жаңа «Банктер туралы» заң қабылданады. Оның басты мақсаты – нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің өтімділігін нақты секторға бағыттау.
Алматы маңында Alatau city атты жаңа іскерлік белсенділік пен инновациялар орталығы құрылып, онда криптоактивтер арқылы төлем жасау мүмкіндігі бар крипто-фиат арналары енгізіледі.
Ұлттық банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылады. Бұл қадам цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдетуге бағытталған.