Қыз алып қашқандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
depositphotos.com
16 қыркүйектен бастап елімізде қылмыстық заңнамаға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
"Кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң аясында адам ұрлау және некеге мәжбүрлеу сияқты өзекті тақырыптар бойынша қатаң нормалар қарастырылған.
Басты жаңашылдықтардың бірі — Қылмыстық кодекстің 125-бабындағы ескертпенің алынып тасталуы. Бұған дейін ұрланған адамды өз еркімен босатқан кінәлі қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін еді. Енді бұл мүмкіндік жоқ: жәбірленушіні еркімен босатқан күннің өзінде күдікті заң алдында толық жауап береді.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап енгізілді. Енді некеге мәжбүрлеу ресми түрде қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Бұл үшін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қылмыстың ауырлығына қарай жаза 2000 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 7,6 млн теңгеге жуық) дейінгі айыппұлдан бастап, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін. Егер мәжбүрлеу әрекеті ауыр зардаптарға әкелсе, кінәлі бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты, зорлық-зомбылықпен, тәуелділігін пайдалану арқылы немесе қызмет бабын пайдаланып жасалған жағдайларда жаза бұдан да қатаң болады.
Заңға енгізілген өзгерістер ең алдымен некеге мәжбүрлеу фактілерінің алдын алуға, сондай-ақ осал топтарды – әйелдер мен жасөспірімдерді қорғауға бағытталған. Бұл түзетулер қоғамда көп талқыланып жүрген мәселелердің бірі – жастардың еркінен тыс некеге тұрғызылуы мен қыз алып қашу деректеріне заң тұрғысынан тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.