KZ
Өскемен
-35°
туман жел 2 м/с, С
512.16 594.72 6.57

Вейп үшін жауапкершілік күшейтілді: 2 жылға дейін жаза көзделген

pixabay.com

24.07.2025, 17:00 235 Айдос Мырзахметов

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел аумағына вейптерді заңсыз әкелу – қылмыстық құқықбұзушылық екенін еске салды. Мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың басынан бері мұндай 16 дерек тіркеліп, оның 9-ы сотқа жолданған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мәселен, 24 жастағы азаматша 5 вейпті елге заңсыз кіргізгені үшін сот алдында жауап берді. Аудандық сот үкімімен ол бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Бұл әрекетке жауапкершілік 2024 жылғы 19 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы Қылмыстық кодекске енгізілген. Жаңа 301-1-бапқа сәйкес, вейптерді, ароматизаторларды және оларға арналған сұйықтықтарды Қазақстанға әкелуге тыйым салынады. Бұл әрекет санына қарамастан қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Баптың 2-бөлігінде көрсетілгендей, мұндай құқықбұзушылық үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бас прокуратураның тапсырмасымен көлік прокурорлары әуежайлар, теміржол вокзалдары мен кеден бекеттерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арнайы баннерлер мен бейнероликтер көрсетіліп, вейптерді ерікті түрде тапсыруға арналған жәшіктер орнатылған.

Мәлімет бойынша, түсіндіру жұмыстары басталғаннан бері вейп әкелудің жаңа деректері тіркелмеген.

Құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының аумағына вейптерді әкелу – қылмыстық құқықбұзушылық екенін және бұл әрекетке заңмен қатаң жаза қарастырылғанын еске салады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу