Өскеменде қаза тапқан полицейлердің құрметіне мурал ашылды
Өскемен қаласында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының құрметіне мурал ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен бой көтерген бұл арт-нысан көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасын көркейтіп тұр. Композицияның ортасында полиция қызметкерінің силуэті бейнеленіп, «Ер есімі — ел есінде» деген сөз жазылған. Бұл жазу ел үшін жанын қиған азаматтардың ерлігін ұмытпауға шақырып, адалдық пен тұрақтылықтың белгісін айқындайды.
Мурал Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында қызметтік борышын абыроймен атқарып жүріп қаза тапқан 29 шығысқазақстандық полицейдің рухына арналды.
ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков мұндай нысанның маңыздылығын атап өтті.
Ашылу рәсіміне қатардағы полицейлермен бірге қаза тапқан қызметкерлердің туыстары да қатысты. Құрбан болған тәртіп сақшыларының жұбайлары полиция департаментінің отбасыларды назардан тыс қалдырмай, байланысын үзбей келе жатқанын айтты.
Ерлікпен қаза тапқан полицейлердің есімдері ішкі істер органдарының тарихында мәңгі сақталып, батылдықтың, антына адалдықтың және кәсібиліктің айқын үлгісі болып қала береді.
Фото: polisia.kz

