Алтай ауданының тұрғыны 1 миллион теңгеден астам айыппұлын өтемеген
Фото: egemen.kz
ШҚО тұрғыны 1 миллион теңгеден астам айыппұлын төлемей жүрген.
9 тамызда Өскемен қаласының полиция қызметкерлері Протозанов көшесінде Алтай ауданының 28 жастағы тұрғыны басқарған «ВАЗ» маркалы көлікті тоқтатқан, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Сергек-Qorgau» есепке алу базасынан тексергенде жүргізушінің міндетті сақтандыру шарты жоқ екені, сонымен қатар жол қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін салынған 1 миллион теңгеден астам айыппұлы бар екені анықталған. Жүргізуші айыппұлды төлемей жүрген көрінеді.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 230-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік мамандандырылған тұраққа қойылды.
Өскемен қаласының полиция қызметкерлері жыл басынан бері айыппұл төлемеген 5 647 жүргізушіні ұстаған, 1051 көлікті мамандандырылған тұраққа қойған. Олардың бәрінің сот және сот орындаушының қаулысы бойынша белгіленген берешегі бар көрінеді. Сонымен қатар олар 127 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұлды төлемеген.