KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 0,6 м/с, ОШ
479.71 533.77 5.16

Ауыл халқының табысын арттыратын бағдарлама

Фото: uralskweek.kz

13.10.2023, 11:42 203

Елімізде биыл алғаш рет «Ауыл аманаты» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Бағдарлама жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау, ауыл тұрғындарын кәсіпке тарту және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту есебінен олардың кірістерін көбейтуді көздейді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

Жанболат Серғазин, «Ертіс» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламалар және несиелендіру департаментінің директоры:

– Біздің өңірде «Ертіс» корпорациясы арқылы тамыз айының 20-сынан кейін өтінімдер қарқынды түсе бастады. Өйткені оның алдында жергілікті атқарушы органдар арқылы ақпараттандыру кеңінен жүргізілген болатын. Бір ай көлемінде қаншама жобаларды қабылдап үлгердік. Қазір жобаларды қарастырып болдық. Биылға бөлінген қаражат толық игерілді. «Ауыл аманаты» бойынша барлық аудандарда хабарлау, түсіндіру, таныстыру жұмыстары алдын ала жүргізілген. Бұл ретте Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан және Күршім аудандары ерекше белсенділік танытты. Бөлінген қаржы шектеулі болды. Әлі де өтінім беруге ниетті адамдар қатары өте көп. Ауыл-ауданнан хабарласып айтып жатыр.

Биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзегеасыруға 1 535 118 000 теңге қаражат бөлінген. Бір айға жетпейтін уақытта аудандардан барлығы 227 өтінім түскен. Оның ішінде құпталған 97 жобаға қаражат бөлінсе, тағы 111 жоба комиссияның оң шешімін алып, қаражат аударылуын күтуде.

Ауыл тұрғындарының үлкен сұранысын ескере отырып, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ауыл шаруашылығы басқармасына келер жылы қаражаттандыру көлемін арттыруға ұсыныс берген. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова биыл жеңілдікпен несие алуға жобалары өтпеген азаматтар келер жылы қамтылады дейді. Ол биылғы тәжірибені ескере отырып, республикалық бюджеттен алдағы жылы жеңілдікпен несиелендіруге 5-7 млрд теңге көлемінде қаражат сұрау жоспарланып отырғанын айтты.

«Ертіс» ӘКК баспасөз қызметінің деректеріне сәйкес, жеңілдікті несиеге ең көп сұраныс болған бағыттар – ірі қара өсіру мен жылқы шаруашылығы екен. Сонымен қатар қарқынды дамып келе жатқан туризм саласынан, ұсақ мал басын көбейту, құс өсіру, ара шаруашылығы, ауылшаруашылық техникасын алу сияқты бағыттарда да жобалар құпталып, несие берілген.

Анықтама:

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің жылдық үстемесі – 2,5%;

2023 жылға бөлінген қаражат – 1 535 118 000 теңге;

Алғашқы жарты айда құпталып қаражаттарын алған жобалар – 97 (783 167 400 тг);

Қаражаттың екінші бөлігі түскенде құпталып, ақша аударылуын күтіп отырған жобалар – 111 (751 950 600 тг.);

Жалпы 2023 жылы қарастырылған жобалар саны – 227;

Оның ішінде, комиссия қарастыруында құпталған барлық жобалар – 208;

Заңдық сәйкессіздіктер себебінен өтпеген жобалар саны – 19;

Келер жылға республикалық бюджеттен сұралатын болжамды сома – 5-7 млрд теңге.


Автор: Жамал Ермен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив