Жасыл желекті жанындай қорғайтын маман
Жасыл желекті қызғыштай қорып, жанындай аялайтын бір мамандық бар, ол – орманшы. Бұл кәсіп иелері орманды қорғап, сақтап, көбейтумен қатар ағаш дайындаумен және оны өңдеумен де айналысады. Біреулер үшін орман шикізат көзі болса, енді біреулер үшін серуен құрып, демалатын орын. Тек ат төбеліндей адамдар ғана осынау табиғат байлығын жанындай жақсы көріп, оны көздің қарашығындай сақтап, көбейтуге үлес қосып келеді.
Орман шаруашылығының басты байлығы – өздерінің жанкешті еңбегімен жасыл желекті қорғап жүрген орманшылар. Олардың қатарында орманшы, орман инженері, орман жұмысшысы, өрт сөндіруші, механизатор қатарлы мамандық иелері бар. Орман шаруашылығына елеулі үлес қосқан Нұрила Әскерқызы – Самар ауданындағы білікті маманның бірі. Altaynews ұжымы маманмен сұхбаттасты.
Самар ауданының Қайыңды ауылында болған адам бұл өлкенің таңғажайып табиғатын, қайталанбас ландшафтын, ең бастысы алыстан менмұндалап өзіне тартатын қылқан жапырақты орманын тамсана тамашалайды. Бұл жерге табаны тиген адам басқа ешқайда барғысы келмейді. Шаловтар отбасы үшін де Қайыңдыдан асқан жер бетінде жұмақ жоқ. Қалибек Шәкерұлы мен Нұрила Әскерқызы осы өңірді бір көргеннен-ақ жанындай жақсы көріп қалған, өйткені ол екеуінің мамандығы табиғатпен байланысты. Айталық, Нұрилә Шалова орман қызметіне жүрек қалауымен келіп, осы салада табан аудармай 40 жыл еңбек еткен. Оның еңбек кітапшасын қарасаңыз орманшылыққа жұмысқа қабылданғаны, түрлі бөлімдерге ауысқаны және зейнетке шыққаны көрсетілген бірнеше ғана жазу бар. Осы жылдар мұғдарында ол орманшының көмекшісі, орман инженері, Самар орман шаруашылығының директоры болып қызмет атқарған.
Орман техникумын бітірген соң Нұрила Әскерқызы бірден орман шаруашылығына жұмысқа келді. Осы жерде болашақ күйеуімен танысып, тұрмыс құрды.
Қалибек пен Нұрила Шаловтарды ауылдастары ерекше құрмет тұтады. Күйеуі дүние салғаннан кейін де Нұрила Әскерқызы ғұмырының ең бақытты да қуанышты сәттері өткен, туған ауылындай болған киелі мекенде тапжылмай қала берді. Балаларын жалғыз өзі өсіріп, жеткізді. Еңбекқорлығымен, өз ісіне деген адалдығымен ауылдастарына үлгі болған Шаловтар отбасын облыстық орман шаруашылығы басшылығы бұрыннан жақсы білетін және құрметтейтін. Самар орман шаруашылығын басқарған Қалибек Шалов өмірден озған соң осы шаруашылықты басқару Нұрила Әскерқызына сеніп тапсырылуы сондықтан еді.
Кілең ер азаматтар еңбек ететін ұжымды басқару әйел затына оңай емес екені анық. Дегенмен жаңа басшы әріптестерінің әрқайсымен тіл табысып, өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. Басшылық тізгінін ұстаған сегіз жылдан астам уақытта ол абырой биігіне көтерілді. Ал алақандай ауылдың тұрғындары бір отбасының мүшелері сияқты береке-бірлікте, өзара ынтымақта тұрып жатты.
Ағаш өсіруші, қорықшы, орманшы, орман инженері бұлардың бәрі де мәртебелі мамандықтар. Осылардың арқасында біз жасыл желекті құртып алмай сақтап, көбейтіп отырмыз.
Бұған қоса орманшылар кейінгі жылдары өздеріне жүктелген негізгі қызметтен бөлек тілсіз жаумен күресуге де белсенді қатысады.
Нұрила Әскерқызының айтуынша, орманшылар үшін көп уақытты қажет ететін және өте қиын міндет – табиғат пен адам жасаған нәрсені өсіріп, сақтау. Қар еріп, көктемнің келуімен көшет отырғызу және орманды өрттен қорғау маусымы басталады. Бұл орайда тәлімбақ жұмысшыларының еңбегі өлшеусіз. Арнайы жыртылған алқаптарға көшеттер отырғызылған соң механикаландырылған күтім жүргізіліп, арамшөптен, зиянкестерден тазартып, өрттен қорғайды. Жас өскіндер бой салып өскенше күтім жалғасады.
2008 жылы құрметті демалысқа шыққаннан кейін зейнеткер Нұрила Әскерқызы бос отырған жоқ. Ол аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қоғамға пайдасын тигізді. Ұзақ жылдар бойы түрлі ұйым, кәсіпорындарда жұмыс істеген, жастығы мен денсаулығын еңбекке арнаған адамдармен қоян-қолтық жұмыс істеді. Ауылдық округтегі басқа да қоғамдық ұйымдарымен бірге Нұрила Әскерқызы мерекелік іс-шараларды, дөңгелек үстел отырыстарын, семинарлар өткізіп, зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетті, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге бағытталған шаралардың басында жүрді. Тиісінше лайықты марапат пен құрметке бөленді. Бұл қоғамдық жұмыста Нұрила Әскерқызы 10 жыл істеді.
Қазір ол сүйікті немерелерін тәрбиелеп, үлкен бір әулеттің тірегі болып отыр. Коңыр күзбен бірге келіп жеткен Орманшылар күні қарсаңында Нұрила Әскерқызын төл мерекесімен құттықтап, аяулы жанға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, зор бақыт тілейміз.