KZ
Өскемен
+28°
ясно жел 5 м/с, ОШ
439.43 473.31 4.82

Өрт сөндірушілер өрнекті ойын көрсетті – ШҚО

19.10.2023, 09:32 717 Мадина Амангелдіқызы

Қашанда жалынмен жағаласып, тұтқиылдан келген апатпен арпалысып жүретін құтқарушылар қауымы бұл жолы жасыл алаңда жасындай жарқылдады. Иә, қажет кезде от пен судың ортасынан табылатын оғландар бір ауық доп теуіп, бір-бірімен шеберлік байқасты.   
19 қазан – Құтқарушылар күні аясында ұйымдастырылған шағын футбол турниріне облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері қатысты. Барлығы 16 команда, 160 өрт сөндіруші алаңда тер төкті. Олардың қатарында М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының аймақтық оқу орталығының өкілдері де болды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. 
Табиғаттың дүлей күшімен тайсалмай күресетін құтқарушыларға футбол деген не тәйірі, шыныққан шымыр жігіттер теңбіл допты ұршықша иіріп әкетті. Қимылдары ширақ, шаршауды білмейді. Өрттің ортасында жүргендей бір-бірін сөзсіз түсініп, үйлесімді қимылдайды өздері. Күнделікті жаттығуда және төтенше жағдай кезінде қиын-қиын тапсырмаларды орындап, әбден шар болаттай шыңдалған өрт сөндірушілер әлемдегі нөмір бірінші спортты да еш қиындықсыз меңгеріп алғандарын байқатты. Нағыз командалық ойын үлгісін паш етті.
Тартысты өткен ойындардың нәтижесінде қарсылас шақ келтірмей ұтқан Өскемен қаласы №4 өрт сөндіру бөлімі мен басқарма аппаратының құрама командасы чемпион атанды. Күміс жүлде Катонқарағай ауданының №26 және №27 өрт сөндіру бөлімдерінің ойыншыларына бұйырды. Үздік үштікті Самар ауылының №32 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен грамоталар табыс етілді.
Сондай-ақ турнирде жоғары деңгейде өнер көрсеткен үздіктер жеке аталымдармен марапатталды. Айталық, «Үздік қақпашы» аталымын №32 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Олжас Сембинов иеленсе, «Үздік қорғаушы» атағына өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Эльдар Шаймарданов лайық деп танылды. «Үздік шабуылшы» атағы аға нұсқаушы-құтқарушы Аслан Советовке берілді.

– Бұл турнирді өткізудегі мақсатымыз бөлімшелердің жеке құрамының дене даярлығын пысықтап, спорт арқылы шыңдай түсу. Сонымен қатар әріптестік, достық қарым-қатынасты нығайту, қызметкерлердің бір-бірімен үйлесімділігін арттыру. Жарыста біздің қызметкерлер өте жақсы дайындық деңгейін көрсетті. Ойын өте тартысты өтті, – дейді Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Айдос Нүсіпбаев.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив