KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Өскеменде бірегей жәдігерлердің көрмесі ашылды

20.10.2023, 21:39 366

Республика күніне орай Өскеменде Қазақ мемлекеті белгіленген көне карталардың экспозициясы ашылды.

Облыстық драма театрындағы көрмеге 16-19 ғасырлар аралығында жасалған, қазір Еуропа мен Америка мемлекеттерінің мұрағаттарында сақталып тұрған картографиялық жәдігерлердің дәл көшірмелері қойылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

— Осы көрмені қаланың, облыстың тұрғындары келіп, елдің, халықтың тарихымен таныссын деген ниетпен Республика күніне орай ашып отырмыз. Бұл біздің мемлекет ықылым заманнан келе жатқанының және оның тарихы терең екенінің дәлелі. Оны Еуропаның картографтары, саяхатшылары карталарына белгілеген, ‑ дейді Өскемен қаласының Ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Тұрсымбетов.

Карталарды жинап, көрме ұйымдастырған – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. Ғалым Өскеменге келіп, қала тұрғындарымен, студенттермен және университет оқытушыларымен кездесіп, әңгімелесті. Көрмеге қойылған жәдігерлерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев та қызығушылықпен тамашалады.

— Бұл көрменің ашылуын тарихи оқиға деп айтуға болады. Шығысқа, жалпы қазақ еліне керек дүниені әкеліп, көрсетіп жатқанына ризамыз. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегі өте пайдалы, өте қажет. Көрмеге келіп, Қазақ мемлекетінің тарихы қандай керемет екенін, оның 5-6 ғасыр бұрын картаға түскенін өзін Қазақстанның азаматымын деп санайтын әр адам көруі керек, ‑ дейді көрермен Нұрхат Садықов.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың айтуынша, экспозицияның ашылуы Шығыс Қазақстан облысы үшін айтулы оқиға болды.

— Бүгін тек Шығыс Қазақстан халқы үшін ғана емес, сонымен қоса Қазақстан жұртшылығы үшін маңызды күн. Өйткені бүгін Өскеменде, жалпы Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет Қазақ мемлекеті бейнеленген 15-19 ғасырдағы Еуропалық және Америкалық карталардың галереясы ашылып жатыр. Мұнда нақты қазақ деген этноним, политонимы бар карталарды көруге болады, ‑ дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Ғалымның картографиямен айналысқанына 17 жыл болған. Осы жылдардың ішінде ол Еуропа мен АҚШ-тағы мұражайлардан, кітапханалардан, мұрағаттардан және коллекциялардан 2 мыңнан астам карта тапқан және ол осымен тоқтап қалмақ емес. Осы тақырыпқа арналған 10 томдық еңбек шығару жоспарда бар көрінеді.

— Карталар тарихи дереккөздердің ішіндегі ең қомақты, ықпалды, іргелі дүниенің бірі де бірегейі. Өйткені карта тек география мен тарих бойынша ғана емес, басқа пәндер бойынша да тың мәлімет береді. Бұл тұңғыш галерея талғам мен ұлттық бірегейлікті дамытуға, қалыптастыруға әсер ететін қадам. Сонымен қатар, бұл — біз үшін тың ғылыми деректердің қайнар көзі, ‑ дейді ғалым.

Картограф атап өткендей, көрме тек ғылым саласындағы адамдарға ғана емес, жастарға да тарихи деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың пікіріне сәйкес, бұл жастардың Қазақстанның даңқты тарихына қызығушылығын оятады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу