KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскеменде теннистен халықаралық турнир мәресіне жетті

Фото: Алексей Губанов

30.10.2023, 19:30 718 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде теннистен дәстүрлі «Kazzinc Open» халықаралық турнирі мәресіне жетті.

Қазанның 23-і күні жалауын желбіреткен ІTF сериясына кіретін бұл додада 18 жасқа дейінгі жас ракеткалар шеберлік байқасты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Биылғы жарысқа қазақстандық теннисшілерден бөлек, АҚШ, Австралия, Беларусь, Ресей, Чехия мен Швейцария сияқты елдерден келген барлығы 90-ға жуық спортшы қатысты.

Бұл халықаралық жарыстың тарихы 2010 жылдан бастау алады. Яғни, биыл Өскемендегі «Smash» теннис орталығында осымен 14-ші дода ұйымдастырылды деген сөз. Мұны Қазақстан теннис федерациясының өкілі, биылғы турнирдің директоры Бибарыс Исламов та атап өтті.

– Мұндай турнирлер жас спортшылар үшін айрықша маңызға ие. Себебі, бұл жерде үлкен тенниске енді ғана қадам басқан теннисшілеріміз өзге мемлекеттерден келген құрбы-құрдастарымен кездесіп, тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдай алады. Негізі, турнир рейтингтік болған соң, үздік нәтиже көрсеткен спортшылар елеулі мөлшердегі ұпайға ие болатынын да ұмытпау қажет, – дейді Бибарыс Исламов.

Әдеттегідей, бұл жолғы жарыс та «Казцинк» компаниясының демеушілігімен ұйымдастырылғанын айту керек. Осы ретте, жарыстың мәртебесі жылдан жылға артып келе жатқанын да ерекше атап өткен абзал. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрынғы дәл осындай жарысқа бүгінгіден екі есе аз спортшы қатысқан екен.

– Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ширек финалдан бастап матчтар төрешілердің қатысуымен өтті. Бұл біздей жас спортшылар үшін ерекше жағдай. Сондықтан кортта барымызды салуға тырыстық. Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Сол себептен болар, бұл жолы ешкімді алдыма салмадым. Негізі, барлық қарсыласымның әлеуетін жақсы білемін, қай-қайсысын алсаң да, жеңіске әбден лайық теннисшілер. Алайда, бұл жолы менің жолым болды, – дейді қыздар арасындағы жекелей сында топ жарған жас талап Дарья Егорова.

Ал енді турнир қорытындыларына келсек, биылғы додада қыздар арасындағы жекелей сында Дарья Егорова жеңіске жетсе, ұлдар бәсекесінде Ресейдің Химки қаласынан келген Роман Харламовқа тең келер ешкім болмады. Ал жұптар арасындағы жарыста Мәлика Әмірғалиева мен Ариана Гогулинаның (қыздар), сондай-ақ, Александр Даскалович пен Джонас Ханның (ұлдар) жұптары топ жарды.

Турнир соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті ұпайларын еншілеп, жалпы рейттингтегі жағдайларын біршама жақсартып қана қоймай, «Казцинк» компаниясы атынан бағалы сыйлықтарға да ие болды.

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу