Өскеменде ақын Қызырбек Дүргінбайұлының шығармашылығына арналған жыр кеші өтіп жатыр
Облыс орталығындағы Пушкин атындағы кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, ақын Қызырбек Дүргінбайұлының шығармашылығына арналған жыр кеші өтіп жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ол — ел мен жердің қыдыр-киесін жырға қосқан ақын. Ол — ақындық арқасына қанат бітірсе де, "айға ұшпаған" қаламгер. Ол өз өлкесінің белес-қырымен, сай-саласымен кеңес құрды. Алтайдың тастұмасынан қанып ішіп, жалғанды жалпағынан басқан жиһангездей өлең-патшалығын шарлап жүре берді. Тек жүрмеді, жырды ту еткен орда тікті.
Кейіпкеріміз туралы Шығыс руханиятының шырақшысы, қабырғалы қаламгер Әлібек Қаңтарбаев былай дейді:
«Оның жырларынан сыбызғының ба, қобыздың ба, әйтеуір қазақтың көне аспаптарының мұңлы үні үздігіп тым-тым алыстан – алып таулардың, ақшағыр шыңдардың, түкті төбелердің, көкорай шалғынды керім бел-белестердің баурайында жатқан қайран ауылдарымыздан үшбу сәлем, сартап сағынышты өксік алып келетіндей болады да тұрады. Қызырбек – өлеңші емес. Ақын. Осыны көңілге мықтап тоқуымыз керек».
Жыр кешіне жас оқырмандар көп келгені байқалады. Жырларында Төлеген сағынышының сазы бар ақынды жас буынның үлгі тұтуы заңдылық деп ұғындық.