ШҚО-дағы онкологиялық орталық күрделі жөндеуден өтеді
Шығыс Қазақстан облысында циклотроны бар ПЭТ/КТ-орталығын ашу жоспарланған. Сондай-ақ облыстық онкологиялық орталыққа күрделі жөндеу жүргізілмек.
Бұл туралы Өскеменге іссапармен келген денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленген. Жоспар ісікке қарсы жаңа дәрі-дәрмектер желісін кеңейтуді, ғылым мен онкологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін дамытуды, диагностикалық және емдеу жабдықтарын жаңғыртуды, 16 желілік үдеткіш сатып алуды, онкологиялық орталықтар салу мен реконструкциялауды көздейді.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылды елді мекендердегі денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінетіні айтылды. Шалғайдағы ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 149 жылжымалы медициналық кешеннің әлеуеті кеңінен қолданылады.
Облыста 7 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл 45 мыңнан астам ауыл тұрғыны медициналық қызметпен қамтылды, жыл соңына бұл көрсеткіш 46 мың тұрғынға дейін жетеді.
Одан бөлек Алтай ауданының ауданаралық ауруханасын жаңғырту жоспарланып отыр екен.
Автор: Айжанат Бақытқызы