Өскеменде Алтай ауданының мәдени күндері басталды
Өскеменде Алтай ауданының мәдени күндері басталды. Екі күнге созылатын шара “Туған жер — алтын бесігім” жобасының аясында ұйымдастырылып отыр.
Шараның алғашқы күні аудан тынысын паш ететін туындылар қойылған көрме және гала-концерт өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бұл көрме өзінің әр алуандығымен, ауқымымен өзгелерден ерекше болды.
Көрмеге жергілікті қолөнершілердің туындылары, кәсіпорындардың өнімдері қойылған. Дәлірек айтқанда, мұнда ағаш шеберлері жасаған бұйымдар, қыш ыдыстар мен естелік заттар, жергілікті бағбандар өсірген өнімдер, зергердің қолынан шыққан әшекейлер орын тапқан. Кәсіпкерлердің бірқатары мемлекеттің қолдауының арқасында кәсіп ашып отырған көрінеді.
Сондай-ақ көрмеге жас өнертапқыштардың туындылары да қойылған. Көрмедегі ерекше заттардың бірі — жағалауды қоқыстан арылтуға арналған робот. Бұл роботты Алтай ауданындағы мектептердің бірінің оқушысы жасап шығарған.
Өңір тынысы, табиғаты мен халқы, әр саланың мамандары бейнеленген фотосуреттерге де бір аумақ арналыпты. Оның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болып қызмет еткен жылдары түсірілген суреттер де бар екен. Суреттерде оның 2000 жылы ауданға жұмыс сапарымен барған сәті көрініс тапқан.
Көрме барысында ауданның жас өнерпаздары скрипкада ойнады. Көрмедегі әуезді әуен кейін гала-концертке ұласты.
“Меряне” фольклорлық ұжымы ұмытылып бара жатқан ұлттық салтты сахналады. Бұл баланың тісі алғаш шыға бастағанда істелетін дәстүр. Көрші-қолаң, туған-туыс жиналып, балаға тілек айтып, сый тарту етеді. Ең басты сыйлық — сарымсақ. Оны баланың жастығының астына қойып, 10 күннен кейін егу қажет. Өсіп шыққан өскін үйге құт қонғанын білдіреді. Баланың анасы қонағына бидай ботқасын ұсынып, ризашылығын білдіреді екен.