Өскеменде Ұлан ауданының мәдени күндері өтеді
Өскемен қаласында «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында Ұлан ауданының мәдени күндері өтеді.
6-7 қазан күндері облыс орталығында түрлі мәдени және спорттық шаралар жоспарланған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мәдени күндер 6 қазан күні кешкі сағат 19.00-де “Ертіс концерт” залында өтетін аудан өнерпаздарының “Ұланым - мақтанышым” атты гала-концертінен бастау алмақ.
Ал 7 қазан күндері сағат 08:00 - 13:00 аралығында әдеттегідей Fresh Market сауда орталығында сенбілік жәрмеңке өтіп, қонақтарға палау, ұн қуырдақ, ыстық шай мен бауырсақ таратылады. Киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдарынан көрме де ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 10.00-де Арбатта қолөнер шеберлерінің көрмесі, әр ұлт билерінен флешмоб, “Аяулы жас келін” сайысы мен түрлі спорттық ойындар (армрестлинг, желке тартыс, жеміс-жидектермен дойбы ойыны) өтеді.