KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, СБ
487.24 529.34 5.02

Риддер ЖЭО: қазандық агрегаттарындағы жөндеу жұмыстары жылу беруге әсер етпейді

25.11.2023, 17:40 209

Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Риддер ЖЭО-ның қазандық агрегаттарындағы механизмдерді қайта құру және ауыстыру бойынша ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

Риддер жылу электр орталығы бас инженерінің орынбасары Кирилл Голотаның айтуынша, жөндеу жұмыстары қаланы жылумен қамтамасыз етуге әсер етпейді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Риддер ЖЭО-да барлығы алты қазандық бар, оның үшеуі – орташа, үшеуі - жоғары қысымда. Бүгінгі таңда қалаға толық көлемде жұмыс істейтін үш орташа қысымды қазандық қызмет көрсетеді.

 

Кирилл Голотаның бізге берген мәліметінше, екі жоғары қысымды қазандық (№4 және №6) іске қосу-реттеу жұмыстарына дайын. №5 қазандық агрегатында қосалқы механизмді монтаждау жұмыстары аяқталып қалды. Қазандықтар бойынша  барлық жұмыстарды 15 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

 

- Биылғы маусым айынан бастап ЖЭО-да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қысқа мерзім ішінде   бірнеше ауысымда 400-ден астам адам жылу орталығында еңбек етті. Тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға ыстық су мен жылу уақытында берілді. Қазір бекітілген кестеге сәйкес жылу желісіндегі температура 72 градусты және кері бағытта 49 градусты құрап отыр, - деп атап өтті Кирилл Голота.


 Ол сондай-ақ қыс мезгілінде толық жұмыс істеу үшін екі орташа қысымды және екі жоғары қысымды қазандықтың жұмыс істеуі жеткілікті екенін, қалған қазандық қондырғылары үнемі резервте болуы керек екенін жеткізді.

 

Естеріңізге сала кетейік, ЖЭО-ның жөндеу жұмыстарына мемлекеттік резервтен 8 млрд теңге және облыстық бюджеттен шамамен 500 млн теңге бөлінген еді.

 

Жергілікті тұрғындар кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысына оң баға беріп, өткен жылмен салыстырғанда пәтерлердің жылы екенін айтып, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

 

- Үйіміз жылы. Өткен жылы суық болды, біз қосымша жылытқыш  батареяларды сатып алдық. Ал биыл, шынымды айтсам, ыстық, - деді Риддер тұрғыны Юлия Саидкалиева.


 - Аз уақыт ішінде Риддер жылу-электр орталығы қалыпқа келтіріліп,  жылу маусымына толық дайындықпен келетініне күмәніміз де болғанын жасырмаймыз, - деп ағынан жарылды тағы бір қала тұрғыны.

 

- Пәтерімізде жылу бар. Бәрі жақсы. Менің ойымша, жылу маусымына біздің қала өте жақсы дайындалды, биыл барлық үйлер жылы. Қала бойынша үлкен шағымдар жоқ. Бұл мәселеге жауапкершілікпен қараған ЖЭО басшылығына рақмет. Шыны керек, былтырғы қиын жағдайдан кейін биыл үйіміз жылы болады деп үміттенген жоқпыз, - дейді 3-ші шағын аудандағы "Рассвет" ПИК-нің басқарушысы Елена Каил.


 

 

Автор: Қуаныш Рахметоллаұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив