KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Шығыс салбурыны – 2023: алматылық қыран жеңіске жетті

25.11.2023, 18:20 607 Қызырбек Дүргінбайұлы

Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс салбурыны – 2023» халықаралық фестивалі өтті.

 

Ұлан ауданының Бозанбай ауылында «Шығыс салбурыны – 2023» халықаралық бүркітшілер  фестивалі өтті. Құсбегілер сайысы бүгін мәреге жетіп, нағыз қыран анықталды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Шығыс даласында өткен биылғы бүркітшілер фестивалінде 75 бүркіт 30-дан астам қаршыға мен ителгі сайысқа түсті. Сонымен қатар 30 тазының ішінен ең жүйрік тазы да анықталды.

 

Түз тағыларының арасынан ең жоғарғы ұпай жинап, халыққа қызықты қансонар көрсеткен алматылық Алмас Сейітжанның қыраны жеңіске жетті. Алғырлығын танытқан жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының қыраны 2-ші орынды қанжығаласа, 3-ші орын Жамбыл облысынан келген Нұрдос Болаттың қыранына бұйырды. Ал 4-ші орынды Риддер қаласының бүркітшісі Ерсұлтан Жұмағұл, 5-ші орынды алматылық Мұрат Көдеков алды.


Қаршыға сайысында шығысқазақстандықтар жеңіске жетті. Шығыстың құсбегісі  Ғалым Самғаттың сұңқары 1-ші орын, Байетбай Ермұханның құсы 2-ші орынға ие болды. Ал жүлделі үшінші орын Алматы облысынан келген  Аян Сейітжанға бұйырса, 4-ші орынды Ресейден келген Константин Тихонов иеленді.


Ителгі сайысында Түркістан облысынан келген Ерлан Сандыбай жеңіске жетті. Жүлделі 2-ші орынды қарағандылық Темірәлі Төлегенұлы иеленді. Ал 3-ші орынды астаналық Ерасыл Серікбекұлы қанжығалады.


Тазы жарысында Жетісу облысынан келген Нұрлан Тілеужановтың «Шаша» атты тазысы жеңіске жетті. Жүлделі  2-ші орын тарбағатайлық Мейір Жетпісовтың «Лашын» атты тазысына бұйырды. Үшінші орынға зайсандық Темірлан Азизовтың «Көк қасқа» атты тазысы ие болды. 


Ал асау үйрету бойынша Бозанбай ауылының жігіттері мықтылығын дәлелдеді. Шу асауды жүген-құрықсыз мінген Манат Ақжол 1-ші орын,  Маркс Ақжан 2-ші орын, Жанболат Сейіт 3-ші орын алды.


Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жеңімпаздар марапатталып, оларға ақшалай сыйлықтар табысталды.


Осылайша, шығыста үш күн бойы құсбегілер тойы қызықты өтіп, жиналған жұрт нағыз қыранның қырағылығына куә болып, салбурынды тамашалап қайтты.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу