«Шығыс салбурыны – 2023» фестивалінің финалы басталды
Бүгін Бозанбайдағы Бүркіттөбеде өтіп жатқан құсбегілер халықаралық фестивалінің финалы басталды. Бұған дейін жазғанымыздай, «Шығыс салбурыны – 2023» сайысында 5 мемлекеттің бүркітшілері қырандарын сайыстырып жатыр.
Құсбегілер кеше, яғни 24 қараша күні қырандарын бірнеше сайыс түрі бойынша сынға салып, іріктеу және жартылай финал кезеңін өткізген. Бүгін финалға шыққан 5 бүркіт аңға салу, қолға шақыру, шырға тарту бойынша сайысқа түседі, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Шығыстың даласында қиқу салып, халықты қызыққа бөлеген халықаралық бүркітшілер тойына облыс әкімі Ермек Көшербаев келіп, өз тілегін білдірді.
Жиналған жұрт бүгін қаршыға мен ителгінің аң аулаудағы ептілігін көріп, асау үйретудің қызығын тамашалайды. Сондай-ақ 1 шақырым қашықтыққа жүгіретін жүйрік тазылар жарысына да куә болмақ.