KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

“Әке аманаты” қазіргі қоғамның ащы шындығын ашып көрсетті

Фото: Ынтымақ Толқын
Фото: Ынтымақ Толқын
12.12.2023, 21:00 728 Қызырбек Дүргінбайұлы

Бүгін Өскемендегі облыстық драма театрына жиналған жұрт «Әке аманаты» қойылымын тамашалап қайтты. 

Тарбағатай ауданының Шоқан Мұхамадиев атындағы Ақжар халық театры сахналаған әлеуметтік драманың арқалаған жүгі ауыр, айтары мол. Басты мақсаты – жастарға отбасылық құндылықты насихаттау, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. 

Отанның тыныштығы отбасынан басталмақ. Сондықтан да отбасылық құндылықты сақтаудың маңызы зор, мәні бөлек. Бүгінгі көрермен назарына ұсынылған әлеуметтік драманың айтпағы осы. 

– Қазіргі кезде отбасылық құндылықтарымыз үлкен қауіп үстінде тұрғаны жасырын емес. Жаһандану үрдісінде кейбір жастарымыз жат қасиеттерді бойына сіңіріп, жеңіл жолмен өмір сүруді ойлайтын болды. Оның зардабы отбасына тиіп, болмысымыздағы әке-шешені тыңдау деген құндылық жоғалды. Құмар ойындарға тәуелді болу, есірткі тұтыну, жеңіл жолмен ақша табу сияқты жастар бойына жамалған жамандықтар отбасы құндылығын бұзуға әкеліп отыр. Бүгінгі әлеуметтік драмада ақшаға құныққан жалғыз ұлдың әкесінен айырылып барып кеш те болса қателігін түзеуі жастарымызды ата-ананы сыйлау, құрметтеу және отбасы құндылықтарын бағалауға шақырады деген үміттеміз, – дейді Ақжар мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева.

Көп адамның көңіл түкіпірінде жүрген мәселені дөп басқан әлеуметтік драма көрерменнің көңілінен шықты. Қойылым режиссері Аян Садуақасов сахна арқылы өмір шындығын жұртқа көрсете білді. Сондықтан да болар облыстық драма театр залына жиналған көрермен орнынан тік тұрып қол соғып, Ақжар халық театрына ризашылық білдірді.

- Өмірдің ащы шындығын ашып көрсеткен қойылым болды. Тебірентті, толғантты, ойландырды, ой салды. Жалпы жұрт театрға келсе екен деймін. Өйткені театр адамға шынайы әсер сыйлайды, - дейді көрермен, қала тұрғыны Нұрхан Тілеуханов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив