KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Өскеменде «Үміт аруын» таңдады

13.12.2023, 13:00 145

Өскемен қаласында өткен «Үміт аруы» сайысының жеңімпаздары анықталды. Биылғы арулар сайысы «Ұлттық құндылық-ұлт қазынасы» тақырыбында өтті.

 

«Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Майра Баймұқанқызының айтуынша,  төл мәдени мұрамызды дәріптеу мақсатында жыл сайын өткізілетін шара бұл жолы  қарқара, «Алтын адам» бас киімі, қасаба, сәукеле, бөрік сияқты қазақтың ұлттық бас киімдерінің шығу тарихы мен бас киімге байланысты әдет-ғұрыптарға арналды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.           

 

Сайысқа «Үміт» балалар үйінің 12-13 жастағы тәрбиеленуші қыздары қатысып, үш кезеңде бақ сынады. Өлең жолдарымен өздерін таныстырып өткен арулар зияткерлік сайысында мақал-мәтелдерді түсіндірсе, шығармашылық кезеңде ән-жырдан шашу шашып, бар өнерлерін ортаға салды.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нью-Йоркегі Джаз қауымдастығының мүшесі, Монте Карло-2004 бірінші скрипкасы Жәмилә Серкебаева төрелік еткен қазылар алқасы қыздарымыздың  әдемілігімен қатар ақылдылығы мен инабаттылығын, білімі мен дарынын бағалады.

 

Нәтижесінде байқаудың бас жүлдесін Виктория Краскова жеңіп алып, «Үміт аруы» атанды. Ал Алина Городилова «Көрікті», Оксана Назарова «Нәзік», Татьяна Бердюгина «Инабатты», София Повлияненко «Өнерлі» номинациясымен марапатталды.

 

- Бүгін үлкен өнер мерекесі болды. Қатысушы қыздарымыздың барлығы әдемі, өнерлі, талантты екен. Шығармашылық адамы ретінде айтарым, өмірде адам бірінші орында немесе соңғы орында деп бөлінбейді. Әр баланың өзіндік ерекшелігі, қарым-қабілеті мен тума таланты болады. Сондықтан барша аруларды жеңісімен құттықтаймын. Болашақтарың әлі алда. Осындай білімді, тәрбиелі, өнерлі қалыптарыңнан танбаңдар. Мәдени мұрамызды жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін осындай керемет шараны ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған «Үміт» үйінің басшылығы мен тәрбиеші-ұстаздарына алғыс айтамын, - деді әйгілі скрипкашы Жәмилә Серкебаева.


Айжанат Бақытқызы

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив