Маралды ауылында 300 тұрақты жұмыс орны ашылады
Күршім ауданының Маралды ауылында салынып жатқан алтын өндіру фабрикасы іске қосылса жергілікті тұрғындарға қосымша 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл туралы бүгін Маралдыда өткен ашық қоғамдық тыңдауда айтылды.
Жергілікті әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, фабрика құрылысы алғаш басталғанда онда 50-ге тарта адам жұмыс істеген, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысқан ашық тыңдауда Шығыс Қазақстан облысының Маралиха кен орнында өнімділігі жылына 250 мың тонна тау-кен өндіру жұмыстарының ықтимал әсерлері туралы мамандар есебі тыңдалды. Бұл мәселе аймақ басшылығының жіті назарында, сондықтан облыс әкімінің бірінші орынбасары осыған дейін де Маралдыға келіп, жергілікті тұрғындармен кездескен. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап берген.
Ал инвестор әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алып, кәсіпорын жұмысы еліміздің заңнамаларындағы талаптарға сай жүргізілетініне сенім білдірді.