ШҚО дәрігерлері сирек кездесетін өңеш-асқазан патологиясына сәтті ота жасады
Өскемен қаласындағы ана мен бала орталығының дәрігерлері өңеш кардиясы ахалазиясы бар он бір жастағы науқасқа эндоскопиялық отаны сәтті жасап шықты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі ӘМСҚ облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, ахалазия - бұл адамның өңеш-асқазан өтуіне кедергі келтіретін ауыр жүйке-бұлшықет ауруы, сонымен қатар тамақтың өңеш арқылы өтуінің бұзылуы дамиды. Әдетте, мұндай аурумен ауыратын науқастар төс сүйегінің ауырсынуын сезінеді, тәбетін жоғалтады.
Ана мен бала орталығының хирургия және урология бөлімінің меңгерушісі Қайрат Рахымжановтың айтуынша, бұрын мұндай операциялар қуыс жолымен жүргізілген, бірақ бұл жолы дәрігерлер "Karl Storz" бейнеэндоскопиялық кешенінің көмегімен баланың өңешін кесусіз кеңейте алды.
- Хирургия және урология бөлімшесіндегі біздің кішкентай пациенттерімізге барлық қажетті мамандандырылған және жоғары медициналық көмек МӘМС шеңберінде көрсетіледі. Біздің бөлімше 55 төсек-орынға есептелген, оның ішінде урологиялық бейінге арналған. Ауруханада бәрі жақсы, мұнда жоғары технологиялық операциялардың барлық спектрін жасауға болады. Балалар урологиясына қатысты негізгі патологиялары бар балалар ана мен бала орталығында толық көлемде, тегін медициналық көмек ала алады, - деп атап өтті Қайрат Құсманұлы.
Соңғы жылдары бөлімше дәрігерлері білімдері мен біліктіліктерін үнемі жетілдіріп, туа біткен патологиясы бар балаларды емдеудің жаңа заманауи әдістерін үйреніп, енгізіп жатыр. Мысалы, туа біткен патологиясы бар балаларда, атап айтқанда гипоспадияда реконструктивті пластикалық операцияларды жүргізу енгізілді.