KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

Шемонаиха ауданында су тасқынына дайындық жүріп жатыр

Фото: Шемонаиха ауданының төтенше жағдайлар департаменті
Фото: Шемонаиха ауданының төтенше жағдайлар департаменті
7.02.2024, 10:33 129

Шемонаиха су тасқыны болу ықтималдығы жоғары аудандардың бірі. Өйткені өзен-көлі көп, қары мол жауатын өңірлер қатарында. Сол себепті аудан әкімшілігі су тасқынына дайындықты ерте жүргізіп, пысықтап жатыр.

Соңғы бес жылдың талдауына сәйкес ауданда топырақтың қатуының орташа тереңдігі 58,2 см құраған. Қар жамылғысы 30 см шамасында. Ондағы су басу қаупі бар елді мекендер қатарына Верх-Уба, Выдриха, Убинка ауылдары және Шемонаиха қаласы, Усть-Таловка кенті жатады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің тапсырмасына орай су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары әзірленіп, қорғаныс бөгеттерінің жай-күйі тексерілген. Сондай-ақ су өткізу каналдары мен арықтары тазартылып, өзен арналары тереңдетілген.

– Су тасқыны бола қалған жағдайда жалпы саны 123 адам, 35 бірлік техника, 16 мотопомпа бар күштер мен құралдар тобы құрылды. Қазіргі кезде ауданда су деңгейіне мониторинг жүргізіліп, жедел жағдай туралы ақпарат алу және беру схемалары әзірленді. Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін 13 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Сондай-ақ 400 тонна инертті материал, 3000 дана қаптар дайындалды.  Шұғыл жағдайда 700-ге дейін адам сыятын, 10 зардап шеккен адамды қабылдайтын пункті дайындалды. Асхана, медпункт, телефон байланысы және басқа да қажетті заттары бар. «Су тасқынына қарсы айлық» аясында құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар қарт азаматтарға үй маңындағы аумақтағы қарды тазалау бойынша көмек көрсетуде, – деді Шемонаиха ауданы ТЖБ бастығы Арман Наурызбаев.

Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды да су басу қаупінің алдын алуға шақырады. Ауладағы қарды уақытылы шығарып, үй маңындағы арықтарды тазалап, жертөлелерден азық-түлікті шығаруға кеңес береді.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу