ШҚО-ның ауылдарында кәсіпкерлікке ден қойып жатыр
Шартты сурет: Тілеубек Шаяхмет
Ауыл халқының табысын еселеп, несібесін арттырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл ШҚО-ға 7 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Былтыр аталған бағдарлама бойынша 1,5 млрд теңге бөлініп, 94 жоба жүзеге асқан.
Ел игілігіне айналған бағдарлама аясында ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Несие алу шартты да тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшері өте төмен. Несиенің мерзімі 5 жыл, ал мал шаруашылық саласында болса 7 жылға дейін. Номиналдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5%.
«Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыруға 1,5 млрд теңге бөлініп, 200-ден астам жоба аккредиттелген.
Жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясының жарқын мысалдарының бірі ретінде «Опытное поле» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін атауға болады. Аталған кәсіпорын бүгінде несие қаражатына қажетті техникаларын сатып алды.
Нысан 2023 жылдың күзінде «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы 5 жылға жылына жеңілдетілген 2,5% мөлшерлемемен 24,5 млн теңге несие алды.
Сонымен қатар кооперативтер мемлекеттен субсидия да ала алады. Субсидия алуға «Опытное поле» АӨК өтінім беріп те қойған.
Бүгінгі таңда ауылды жерде «Ауыл аманаты» бағдарламасының пайдасын көріп, кәсібін дөңгелентіп отырғандар көп. Солардың бірі – тарбағатайлық Индира Қалитова. Отбасымен бірге қаладан Тарбағатай ауданының Жаңауыл ауылына көшіп барған Индира «Ақдидар» шаруа қожалығын құрған. Ол үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге кредит алып, бүгінгі таңда мал өсіріп жатыр.
Айта кетейік, Тарбағатай ауданында мал шаруашылығы мен балық шаруашылығы өркендеп келеді. Өңірде кооперативтер көптеп құрылып жатыр. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен жеке тұлғалардың атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасымен төмендетілген 2,5%-дық несие алуға 100 өтініш берілген. Болашақта тағы бірнеше ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, төмен пайызбен несие алудың қосымша мүмкіндіктері қарастырылмақ. Осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша жалпы сомасы 397 млн теңгеге 47 жоба мақұлданған, оның ішінде жалпы сомасы 154 млн теңге болатын 13 жоба несиелендіру бағдарламасы бойынша қаржыландырылған. Биыл аудан басшылығы бұл бағыттағы мүмкіндіктерді зерделеу мақсатында Жамбыл және Абай облыстарына барып, осы саладағы жұмыстармен танысып қайтқан.