ШҚО-да қоян-қолтық ұрыстан республикалық жарыс өтеді
Фото: egemen.kz
Осы аптаның соңында Өскеменде тағы бір ірі спорттық іс-шара – қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогы үшін жарыс өтеді.
Қажымұқан атындағы Жекпе-жек сарайында жалауы желбірейтін жарысқа ерлермен қатар әйелдер де қатыспақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасынан хабарлағандай, аталмыш жекпе-жек түрінің танымалдылығын арттыруға бағытталған доданың негізгі мақсаты алдағы Азия чемпионаты мен Әлем кубогы үшін жарысқа қатысатын спортшыларды іріктеу.
Турнирге еліміздегі түгелдей дерлік күш құрылымының файтерлері қатысады. Атап айтсақ, олардың арасында Ішкі істер мен Қорғаныс министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Ұлттық ұлан мен Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамалары бар.
Белгілі болғандай, биылғы бәсекеде еліміздің 18 облысы мен қаласынан келген мықтылар сынға түспек. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежедегі медальдармен және дипломдармен марапатталады.
Жарыстың салтанатты ашылуы 3 наурыз, жексенбі күні сағат 15:00-де басталады. Осыған орай, денешынықтыру және спорт басқармасы барша өскемендік пен қала қонақтарын Жекпе-жек сарайын келіп, тартысты доданың куәсі болуға шақырады.