KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО тұрғындары атақты «Айсұлу» операсын тамашалады (видео)

20.03.2024, 20:30 6 564 Қызырбек Дүргінбайұлы

Биыл көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл. Қазақ музыка театры тарихындағы тұңғыш «Айсұлу» атты комедия операсын композитор осыдан тура 60 жыл бұрын жазған.

Композитордың 100 жылдығына орай Наурыз мейрамының қарсаңында «Ертіс концерттің» көрермендер залында «Айсұлу» операсының концерттік қойылымының премьерасы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Айсұлу» операсының алғашқы премьерасы 1964 жылы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет  театрында өткен. Содан бері қаншама жылдар бойы сахна төрінен түспей келе жатқан қойылымның өлкеміздегі премьерасын ШҚО тұрғындарымен бірге облыс әкімі Ермек Көшербаев та тамашалап қайтты.

Операны қоюға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің студенттік хоры, «Ертіс концерт» КМК солистері мен арнайы шақырылған өнерпаздар қатысты.

– Мен бұл қойылымға арнайы шақырумен келіп, қатысып жатырмын. Қойылымда «Серкенің» рөлін сомдаймын. Махаббат жолында жеңіске жетуге мотивация беретін өте тамаша қойылым. Комедиялық опера Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай көрерменге жол тартып отыр, – дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық концерваториясының студенті Данияр Айткужинов.

Қойылымды көпшілік қауым Наурыз мерекесі қарсаңында тамашалап, рухани демалып қайтты.

– Биыл көрнекті композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай автордың «Айсұлу» операсын сахнаға алып шықтық. Керемет хореография, керемет киім. Қойылымды музыкамен әрлеп, көрерменге түсінікті әрі тартымды етіп беруге тырыстық, – дейді Нұрлан Серікбаев.

Опера көрермен қауымның көңілінен шықты. Тамашалап шыққан жұртпен тілдесіп, көпшіліктің пікірін де білдік.

–  Бұрын операға барып көрмеппін. Бірінші рет келдім. Керемет қойылым екен. Алғаш рет көріп тұрмын. Әуезді әуені, сазды музыкасы бар қойылым болды. Маған қатты ұнады, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Нұрхан Тілеуханов.


Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу