Риддерліктер бұлақтың көзін ашты (видео)
Бүгін Риддер қаласында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі жалғасуда.
Республика алаңында тігілген кигіз үйлерде көрме ұйымдастырылған.
Тазалық күнінде риддерліктер қаладан 10 шақырым жерде орналасқан ұлттық табиғи қорық аумағындағы қалың қардың астындағы бұлақтың көзін ашты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Табиғат пен адамзаттың өзара үндестігін айшықтаған бұл шара жас ұрпақ тазалыққа, қоршаған ортаны қорғауға үйретеді.
Бейбітшіліктің бесігі болған игі бастамаға қаладағы 12 этномәдени орталықтың өкілдері, жастар және қариялар да белсене қатысты. "Жолаушы болсаң, осы ақ бұлақтай таза бол!" ұранымен өткен іс-шара мұнымен шектеліп қалмайды. Қала басшылығының жоспарына сәйкес, қардың көбесі сөгіліп, жер кепкен соң бұлақтың маңы тазаланып, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жер жолаушылап келе жатқан адамдар тоқтап су ішіп, тамаша табиғат аясында демалатын орынға айналатыны сөзсіз.