«Заң мен Тәртіп»: Прокуратура жазасын өтеушілермен кездесу өткізді
Шығыс Қазақстан прокуратурасы облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мекемелерінде қайталама қылмыстардың алдын алу және өзекті әлеуметтік-құқықтық мәселелерді шешу бағытында жазасын өтеушілер арасында «Заңға қадам» атты кездесу өткізді. Шара «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шараға ШҚО прокуратурасының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласының мамандары қатысты. Кездесу барысында сотталғандарда қосымша көмек пен қолдауды талап ететін бірқатар әлеуметтік-құқықтық проблемалар анықталды.
Көтерілген негізгі мәселелердің бірі – босатылғаннан кейін сотталғандар үшін тұрақты табыс көзінің болмауы. Талдау көрсеткендей, бұл фактор қайталама қылмыстың негізгі себептерінің бірі болып отыр.
Тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мақсатында іс-шара бос жұмыс орындар жәрмеңкесі форматында ұйымдастырылды. Қатысушыларға қолжетімді жұмыс орындары ұсынылып, жұмысқа орналасу тәртібі, кәсіби оқудан өту және әлеуметтік қызметтер алу мәселелері бойынша кеңестер берілді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы қайталама қылмыстарды төмендетуге, әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етуге және жазасын өтеп жатқан азаматтардың заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыратын болады.



