ШҚО-да қар көшкіні қаупі бар учаскелерге тексеру жүргізілді
Шығыс Қазақстан облысында «Қазселденқорғау» мекемесінің өңірлік филиалы қызметкерлері қар көшкіні қаупі жоғары саналатын бірқатар учаскелерде жоспарлы жерүсті тексеру жұмыстарын жүргізді. Мамандар «Өскемен – Самар» автожолы бойындағы «Тайынты» және «Лайлы» бағыттарын, «Өскемен – Алтай – Катонқарағай» автожолының 58–66 шақырымындағы «Пихтовка» учаскесін, сондай-ақ «Өскемен – Таулы Үлбі – Северное» бағыттарын зерттеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Тексеру кезінде қардың құрылымы, қабаттардың беріктігі мен тұрақтылығы, жер бедерінің ерекшеліктері және көшкін қаупін тудыратын факторлар егжей-тегжейлі талданды.
Жауын-шашынның мол түскеніне қарамастан, өңірдің тау бөктерлеріндегі қар тығыз әрі тұрақты екені анықталды. Желмен үйінділердің пайда болуы байқалмайды. Мамандардың мәліметінше, Алтай ауданында қар қалыңдығы – 70 см, Катонқарағай ауданында – 50 см, Самар ауданында – 30–35 см шамасында.
Қазіргі уақытта ШҚО аумағында «Қазселденқорғау» филиалы бақылауында тұрған 325 қар көшкіні жиналмасы, сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар 93 шақырым автожол, туристік және шаңғы базалары бар. Департамент мамандары тұрғындар мен демалыс аймақтарының қонақтарына қауіпсіздік шараларын түсіндіру бойынша алдын алу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
ШҚО ТЖД мен «Қазселденқорғау» өкілдері азаматтарға тауға шығар алдында ауа райы болжамын қатаң ескеруді ескертеді. Қар жауып тұрған кезде, боранды немесе дауылды жел кезінде тауға бармау қажет. Ауа райы туралы жедел ақпаратты «Дармен» мобильді қосымшасынан көруге болады.
Қар көшкіні қаупі бар аумақтан өткен кезде тоқтамай, аумақтан тез шығу ұсынылады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.




